Ауа райы
Астана -1 °С
Алматы 2 °С
валюта бағамы
USD 332.21
EUR 391.74
RUB 5.57
CNY 50.08

Ресей цифрлық экономикаға көшуде Қазақстанмен қатар жүргенді қалайды

Ресей цифрлық экономикаға көшуде Қазақстанмен қатар жүргенді қалайды
2017 жылғы 13 қыркүйек 17:32 1715

АСТАНА. ҚазАқпарат - Цифрландыруда Қазақстан батыл қадамдар жасап жатыр. Бұл туралы Астанадағы Цифрландыру мәселелері бойынша республикалық кеңес барысында Ресейдің байланыс және бұқаралық коммуникациялар министрі Николай Никифоров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біздің экономикаларды цифрландырып жатқан негізгі технологияларды екі ел бірлескен түрде іске асыруы тиіс деп пайымдаймын. Бұл тұрғыда үлкен мәліметтерді қамтитын технологиялар, үлестірілген реестрдің технологиялары, жасанды интеллект, роботтар, сенсорлар және басқа да маңызды бағыттарды қамту керек. Біздің күш-жігерді біріктіре отырып, бұл технологияларды бірге жасауға мән беруіміз қажет. Себебі Қазақстанның және Ресейдің экономикаларын цифрландыру басқа да шетелдік өнімдермен шектелмей, өзіміздің технологиялармен қамтылуы тиіс», - деді ресейлік министр.

Оның сөзіне қарағанда, цифрландыру мәліметтер мен білімге, яғни адамға негізделген экономика болып табылады. Сондықтан да оның аясында адами капиталға көп мән берген дұрыс. Осы орайда мектептегі, жоғары оқу орнындағы жүйені ауыстыру қажет болып тұр.

Никифоровтың пайымынша, бұл мәселеде Қазақстан саяси батыл қадамдарды танытып отыр.

«Қазақстанның және Ресейдің аумағы үлкен екені белгілі. Сонымен қатар адамдар саны аз елдімекендер де баршылық. Бұл өз кезегінде қазіргі заманғы байланыстың өзін қамтамасыз ету үшін қомақты инфрақұрылымдық шығындарды жұмсауды қажет етеді», - дейді министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін цифрландыру мәселесіне арналған республикалық кеңесте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев цифрландыру жөнінде Қазақстан, Ресей және Беларусь арасында бірлескен комиссия құру қажеттігін атап өтті.

«Бастамашы өзім болған Еуразиялық экономикалық одақтамыз. Ресей, Қазақстан және Беларусь күш біріктіре отырып, комиссия және бірлескен бағдарлама құруды ұсынамын. ЕАЭО-ның басқа мүшелерін ренжіткім келмейді. Олар да қосыла алады. Бірақ біз бірінші кезекте цифрландыру бойынша комиссия құрып, ілгерілетуіміз керек. Өйткені, әртүрлі тәжірибе бар. Біз оларды бір-бірімізбен бөлісіп, көмектесе алар едік. Мамандар да бар», - деді Қазақстан Президенті.

 

 

 

Басты сөздер: Ресей, Цифрлық Қазақстан, Қазақстан Президенті,
Қате таптыңыз ба? Белгілеп, CTRL+ENTER басыңыз

Пікір қалдыру

Соңғы Пiкiрлер