Ресей арқылы өтетін Қазақстан жолаушыларын жеткізу мерзімі қысқартылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «1996 жылғы 18 қазандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы теміржол көлігі кәсіпорындарының, мекемелері мен ұйымдарының қызметін құқықтық реттеудің ерекшеліктері туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің сөзіне қарағанда, Хаттамамен тараптардың басқаруына берілген теміржол учаскелері бойынша мемлекеттік шекара арқылы жолаушылар және жүк пойыздарының тоқтаусыз өту тәртібі қарастырылады.

«Сонымен қатар тоқтаусыз өтетін пойыздар шекара қызметі жағынан болатын тексерулерге жатпайды. Аталған нормалар жолаушыларды жеткізу мерзімін бір бағытта 36 сағаттан 23 сағатқа дейін қысқартуға мүмкіндік береді»,- деді министр заң жобасы бойынша баяндама жасау барысында.

Министрдің сөзіне қарағанда, бұдан басқа, хаттамамен өзге елдің аумағында орналасқан бір елдің теміржол учаскесінде жүк операцияларын жүргізу үшін стансаларды ашу және жабу тәртібі регламенттеледі.

«Хаттамамен шекаралық аймақтардағы жолаушылар тасымалын ұйымдастыру мәселелері қарастырылған. Соның ішінде жергілікті атқарушы органдарға конкурсты ұйымдастыру, тасымалдаушылардың шығынын субсидиялау ережелерін әзірлеу бойынша құзыреті берілетін болады»,-деді Қасымбек.

Соңғы жаңалықтар