Рашид Күзембаев «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының басшылығына тағайындалды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы болып Рашид Күзембаев тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, Рашид Талапұлы 1969 жылы 7 тамызда Қарағанды облысында дүниеге келген. Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген. Мәскеудегі  Жоғары экономика мектебінде іскерлік басқару магистрі дәрежесін алған.

Еңбек жолын «Алтын Алма» АҚ экономикалық сараптама бөлімінің басшысы болып бастады. Әр жылдары ҚР Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің бас маманы, комитеттің Қаржы және бухгалтерлік есеп бас басқармасы басшысының орынбасары, басшысы, Қаржы және экономика департаменті бас директорының орынбасары, директор және бас директордың кеңесшісі болды. «Қазақстан темір жолы» АҚ аппаратының басшысы қызметін атқарды.

2001 жылдан ҚР Көлік және коммуникация министрлігі аппаратының басшысы, ҚР Сауда-өнеркәсіп палатасы одағының вице-президенті, «DALA GROUP» АҚ бас директорының кеңесшісі және атқарушы директоры, ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының басшы орынбасары болып жұмыс істеді. 

«Ерен еңбегі үшін» медальмен және «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төс белгімен марапатталған.

Айта кетейік, «KAZAKH TOURISM» Ұлттық компаниясы АҚ Қазақстанның туристік саласын дамыту үшін құрылды және ұлттық компания келесі 7 негізгі қызметті атқаратын болады:

1) Қазақстанды халықаралық туристік дестинация (туристер келетін аймақ) ретінде алға жылжыту;

2) Қазақстанның туристік брэндін кәсіби басқару;

3) маркетинг стратегияларын құру және іске асыру;

4) сыртқы және ішкі туристерді тарту;

5) туристік индустрияға сыртқы және ішкі инвестициялар ағымын тарту;

6) инвестициялық жобаларға миноритарлық негізде қатысу;

7) туристік салаға білікті мамандарды дайындайтын орталықты ашу.

Соңғы жаңалықтар