«Рақымшылық туралы» жаңа заң бойынша 28 мыңнан астам азамат «кешірілуі» мүмкін

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Рақымшылық туралы» заң жобасына 28 мыңнан астам азамат ілігіп отыр. Бұл туралы бүгін Астанада ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев мәлім етті.

Жалпы, рақымшылыққа тергеу жүріп жатқандар, сот қарауындағылар, сондай-ақ, пробациядағыларды қоса есептегенде 28 мыңнан астам адам ілігуі ықтимал. Ал нақты бас бостандығынан айыру орындарынан 1800-ге тарта сотталушы рақымшылық алады деп жоспарлануда.

 «Қазіргі уақытта Қазақстан Парламентінде «Рақымшылық туралы» заң жобасы қаралып жатыр. Оған 28 мыңнан астам азамат кіріп отыр. Бас бостандығынан айыру орындарынан 1864 сотталушы пробациялық бақылаумен босатылады. Бұған өте үлкен оң нәтиже берген төрт кодекстің жаңартылуы болды. Олар - Қылмыстық, Қылмыстық-Процессуалдық, Қылмыстық-Атқару және Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстер. Соның негізінде жемқорлыққа қарсы ұлттық заңнама парақорлық үшін еселенген айыппұл, мүлікті тәркілеу және мемлекеттік салада қызмет етуге өмір бойына тыйым салу сынды тетіктер енгізілді. Аталмыш баптарды қолдану барысында 2 жылда 660 мемлекеттік қызметшіге еселенген айыппұл салынды, 900-ден астамынан мүлкі тәркіленді, 1200-ден астамы мемлекеттік қызметте жұмыс істеуіне тыйым салынды», - деп атап өтті ол «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың жаңа тетіктерін жүзеге асырудың практикалық тәжірибесі: жетістіктер және халықаралық ынтымақтастық» атты халықаралық конференцияда.

Дегенмен бұның алдында хабарланғандай, ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған қылмыскерлер аталмыш заңға ілікпейді және колониядан босатылмайды.

Айта кеткен жөн, халықаралық конференция жұмысына ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Төрағасы Қайрат Қожамжаров, ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова және өзге де лауазымды тұлғалар, БҰҰ ДБ Қазақстандағы тұрақты өкілі Н. Шимомура, Қазақстандағы шетел дипломатиялық миссияларының басшылары қатысты. 

Соңғы жаңалықтар