«Qazaqstan» ұлттық арнасы жаңа маусымда көрерменге не ұсынады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 28 тамызда «Қазақстан» телерадиокорпорациясына қарасты барлық медиаактивтер тың форматта жұмыстарын бастайды. Ресми белгісі «Qazaqstan» болып өзгерген ұлттық арна мен оған еншілес ақпарат құралдарын жаңа маусымда ауқымды өзгерістер күтіп тұр. Осы ретте «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі оқырман қауымды республиканың барлық аймақтарына тарап, мемлекеттік тілдің мерейін асыратын ұлттық арнаның жаңа маусымдағы тынысымен таныстырады.    

Жаңа маусымда Қазақстан Ұлттық арнасында түрлі бағыттағы ондаған жоба көрерменге жол тартады. Атап айтсақ, «Жібек жолы жұлдызы», «Мен қазақпын» халықаралық музыкалық мегажобалары, ұлттық эстраданы насихаттайтын - «Hit Qazaqstan» музыкалық ән-шеруі жаңа маусымда эфирге енеді.

Оған қоса қоғамдық, интеллектуалдық бағыттағы бағдарламалардың саны артады. Бүгінгі заманның сұранысына сай келетін реалити - шоу жанрындағы бағдарламалар  көрсетіледі. Кәсіпкерлікті насихаттайтын - «Үміткер», табиғаттың тылсым күші мен құдіретін көрсететін  - «24 сағат табиғат құшағында» экшн реалити-шоуы, отбасылық құндылықтарды дәріптейтін - «Ене мен келін» қатарлы бағдарламалар ел назарына ұсынылмақ.

Сонымен қатар эфирден бірқатар деректі фильмдер топтамасы көрсетіледі: Қазақстанның көпшілікке беймәлім тарихы туралы әңгімелейтін - «Киелі Қазақстан», сондай еліміздің әйгілі адамдары жайлы сыр шертетін «Ұлы дала ұлағаты». Сонымен қатар, ребрендинг аясында бұрынғы бағдарламалардың форматтары өзгереді.

Қазіргі таңда елімізде шетелдік телесериалдардан гөрі отандық өнімдерге қызығушылық артып отыр. Осы бағытта соңғы бес жыл отандық сериалдарды түсіру жұмыстары басталып, зор тәжірибе жинақталған. Әлбетте, сериал түсіру жұмысында көш бастаған ұлттық арнаның жаңа маусымда әзірлеген туындылары көп. «Қазақстан» ұлттық арнасы отандық телесериалдарды дамыту мақсатында 2009 жылдан осы уақытқа дейін алуан тақырыпты қамтитын 77 телехикая түсірген. Жаңа маусымда арна өз көрермендеріне «Өмір дастан» тарихи драмасын, «Іңкәр жүрек» телехикаясының екінші маусымын, «Екі жүз», «Ана қадірі», «Туған жер», «Жаңа қоныс» хикаясының екінші маусымын, «Қозы Көрпеш - Баян сұлу», «Саған сенемін» туындыларын дүйім жұрттың назарына ұсынады,. Бұл туындылардың қай-қайсысы да көрермендердің сұранысына ие. Өткенге үңіліп, бүгінгі күннің болмысынан сыр шертетін, ел тарихы мен ұлт мүддесі жолында зор қызмет атқарып, болашаққа бағыт беретін телехикаялар көші әлі де жалғасын таба бермек.

Еске сала кетсек, 23 тамызда ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев пен «Қазақстан» РТРК төрағасы Ерлан Қарин телерадиокорпорацияның барлық медиаактивтерінде жаңа маусымның тұсаукесерін өткізген болатын. 28 тамызда ресми белгісі «Qazaqstan» болып өзгеретін ұлттық арнада  жаңа маусым басталады. Осы тұрғыда оның құрамына енетін арналар мен радиоларда ауқымды өзгерістер болып, ребрендинг жүргізілді, студиялар жаңартылып, жаңа бағдарламалар эфирге қосылады.

Ребрендинг барысында «Қазақстан» корпорациясының медиаактивтеріне ортақ, танымал логотип бекітіліп,  ренейминг, редизайн жұмыстары жүргізілген. Жаңа логотип - корпорацияның құрамындағы арналар мен радиостанциялардың біртұтастығын білдіретін арнайы белгі ретінде - Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы іспетті жасалған.  Жалпы жаңа логотип - корпорацияның технологиялық дамуға ұмтылысын, үлкен медиаотбасы ресурстарының сабақтастығын білдіреді.

28 тамыздан бастап «Қазақстан» Ұлттық арнасы - «Alma TV», «ID TV»  сияқты елдегі ірі кабельдік операторлар арқылы  HD форматта хабар тарата бастайды.

Соңғы жаңалықтар