Qazaqstan арнасындағы «1-студия» ток-шоуына бір жыл толды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Qazaqstan» Ұлттық арнасының салмақты бағдарламаларының бірі - «1-студия» саяси ток-шоуының басталғанына бір жыл толды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетсек, «1-студия» ток-шоуының мақсаты - елдегі саяси-экономикалық жағдайды және халықаралық байланыстарды талқылау, сараптау және талдау, сондай-ақ мемлекеттік саясатты және мемлекет тарапынан жүргізіліп отырған бағдарламаларды ел ішінде насихаттау. Әр жексенбі күні сағат 20:00-де басталатын ток-шоу осыдан тура бір жыл бұрын эфирге шығып, онда Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы талқыланған болатын. Ол туралы бағдарлама жүргізушісі, елімізге танымал тележурналист Берік Уәли Фейсбуктегі  парақшасында былай еске алады:

«Елге белгілі саясаткерлер Әміржан Қосанов, Дархан Кәлетаев, Айдос Сарым, Абылай Мырзахметовтермен талқылап (мақаланы - авт), Ұлттық кодты жаңғыртуда, ұлттық құндылықтарымызды түгендеуде теңдессіз бағдарламалық мақала деп баға берген едік. Міне, содан бері 1 жылдың ішінде жалпы 42 бағдарлама эфирге шығыпты. Оның 8-і рухани жаңғыру тақырыбына арналған Бұл жерде осы мақалада көрсетілген 6 бағытты тұтастай және жеке-жеке тақырып ретінде талқылағанымызды да айта кеткен жөн», - деп жазады Берік Уәли.

Аталмыш тақырыптардан бөлек, бір жылдың ішінде елдің ішкі және сыртқы саясаты, экономикалық ахуал, xалықтың әлеуметтік мәселелері, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы сынды бірқатар өзекті мәселелер ток-шоудың тақырыбына арқау болған.

Айта кетерлігі, жалпы 45 минут уақытқа созылатын әр хабарда апта сайын 4 спикер өз ойын ортаға салып, пікір алмасады. Бір жылдың ішінде «1-студия» саяси ток-шоуына 168 спикер қатысқан.

Соңғы жаңалықтар