Путин мен Ердоған шағын құрамдағы кездесу өткізді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Дүйсенбі күні Анкарада Түркия мен Ресей президенттерінің кездесуі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Анадолы агенттігіне сілтеме жасап.

Мәлім етілгендей, Владимир Путин мен Режеп Тайип Ердоған жабық есік жағдайында тар ауқымдағы келіссөздер өткізді. Ол бір сағатқа жуық жалғасты.

Оның нәтижесі бойынша мемлекеттер басшылары баспасөз мәслихатын өткізді.



Түркия басшысы қорғаныс саласын тілге тиек ете келе, Түркия мен Ресей өкілдері бір апта ішінде кездесу өткізіп, С-400 зенитті-ракеталық кешенді  сатып алу мәселесі бойынша талқылауды аяқтайтынын жеткізді.

Ердоған сондай-ақ Владимир Путинмен келіссөз барысында Сириядағы ахуалды талқылағанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл бағыттағы келесі қадам - барынша жақын уақытта Сочиде Сирия бойынша жаңа кездесуді өткізу болады.

Түркия Президенті Таяу Шығыстағы жағдайға қатысты да айтып өтті.

Оның атап өтуінше, Иерусалим мәселесі бойынша Түркия мен Ресейдің ұстанымы көп жағдайда ұқсас. «Аталмыш мәселе бойынша байланыстарды жалғастыру туралы шешім қабылдадық», - деді түрік елінің басшысы.



Ал Ресей президенті түркиялық әріптесімен бірінші кезекте Таяу Шығыстағы ахуалдың ушығуы мен сириялық жанжалды талқылағандығын айтты.

Путин өз сөзінде Түркия мен Ресей АҚШ-тың Иерусалимді Израильдің астанасы ретінде тану шешімін жағдайды тұрақсыздандыру деп санайтынын жеткізді. Олардың пайымынша, Палестинаның мәртебесі бойынша мәселеде Израиль мен Палестина арасында тікелей байланыстар қажет.

 

Соңғы жаңалықтар