Путин мен Эрдоған Астанадағы кезекті келіссөздер қарсаңында Сирия мәселесін талқылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресей басшысы Владимир Путин Түркия Президенті Реджеп Тайып Эрдоғанмен телефон арқылы сөйлесті. Әңгіме барысында мемлекет басшылары бірлескен ірі энергетикалық жобалардың іске асырылуын қоса алғандағы жемісті екіжақты ықпалдастықтың түрлі аспектілері бойынша тыңғылықты пікір алмасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Кремльдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тараптар сондай-ақ 30-31 қазан күні Астанада өтетін Сирия бойынша жетінші халықаралық кездесудің (Астана процесі) қарсаңында деэскалация аймақтарының жұмыс істеуін қамтамасыз ету, лаңкестікпен күрес және Сирия Араб Республикасында саяси реттеу процесін алға жылжыту бойынша күш-жігерді жетілдірудің маңыздылығын атап өтті.

Бұдан бөлек, Владимир Путин Реджеп Тайып Эрдоғанды 29 қазан күні Түркияда атап өтілетін ұлттық мереке - Республика күнімен құттықтады.

Президенттер жеке байланыстарды жалғастыруға уағдаласты.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінен хабарлағандай, 30-31 қазан күндері өтетін Астана процесінің кезекті раундына барлық мүдделі тараптар қатысатын болады. 

Ресей делегациясына РФ Президентінің Сирия жөніндегі арнайы өкілі Александр Лаврентьев, Түркия делегациясына сыртқы істер министрінің орынбасары Седат Онал, Иран делегациясына сыртқы істер министрінің орынбасары Хусейн Джабери Ансари басшылық етеді.

«Алдағы кездесуге Сирия үкіметінің және сириялық оппозицияның, сондай-ақ байқаушы ретінде БҰҰ, АҚШ және Иорданияның өкілдері қатысады. Іс-шараның басталуына бір күн дейін кепілгер-елдердің өкілдері сарапшылар деңгейінде екіжақты және үшжақты консультациялар өткізуге ниетті. Жалпы отырыс барлық тараптың қатысуымен 31 қазанда өтеді» делінген министрліктің баспасөз мәліметінде.

Ведомстваның хабарлауына қарағанда, кездесу Сирияда ұрыс іс-қимылдарын доғару режимін нығайту бойынша қол жеткізілген нәтижелерді сақтауға, сондай-ақ дағдарысты саяси реттеуге өту кезеңінде аталған елдегі жағдайды әрі қарай тұрақтандыру шеңберінде күш-жігерлерді арттыруға бағытталған.  

Фото: gazeta.ru 

Соңғы жаңалықтар