ПСЖ Чемпиондар лигасында рекорд орнатты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өз алаңында Шотландияның «Селтигін» 7:1 есебімен талқандаған париждіктер Еуропа Чемпиондар лигасы топтық кезеңіндегі голдар саны бойынша рекорд орнатты. 

Бұл жайлы УЕФА-ның ресми сайты хабарлайды.

Топтық кезеңнің аяқталуына әлі бір тур болса да, париждік клуб гол соғу жоспарын артығымен орындады деуге болады: қазірге дейінгі 5 ойында 24 гол соққан, яғни гол соғу нәтижелілігі әзірге 1 матчқа 4,8 голға жетті.

Ойынның бірінші минутында «Селтиктегі» франциялық шабуылшысы М. Дембеле есеп ашты. Алайда бұл жергілікті ұжымның ызасын келтірді. 9-шы және 22-минуттарда Неймар дубль жасап, 28-минутта Кавани есепті 3:1-ге жеткізді. Ал 35-минутта Мбаппенің соққан голы іс жүзінде ойын тағдырын шешті.

Екінші тайм да париждіктердің толық үстемдігімен өтті, мұны допқа иелік етудің 61%-ке 39% көрсеткішінен де аңғаруға болады. Әрі 75-минутта Вератти командасының бесінші голын, 79-минутта Кавани өзінің екінші голын, араға бір-ақ минут салып Д. Алвес соңғы жетінші голды соқты.

«ПСЖ» топтық кезеңнің артта қалған бес ойынында қарсыластарын: 5:0, 3:0, 4:0, 5:0, 7:1 есептерімен жеңді. Айта кетелік, бұл әлі париждіктердің қорытынды нәтижесі болмауы да мүмкін, өйткені 7 желтоқсанда алтыншы тур аясында Юпп Хайнкес бастаған «Баварияға» сапар шегеді.

ЕЧЛ топтық кезеңінде ең көп гол соққан командалар:

24 гол - «Пари Сен-Жермен» 2017/18
21 гол - «Боруссия» Дортмунд 2016/17
20 гол - «Манчестер Юнайтед» 1998/99 
20 гол - «Барселона» 2011/12 
20 гол - «Реал» 2013/14
20 гол - «Барселона» 2016/17 
19 гол - «Барселона» 1999/20 
19 гол - «Реал» 2011/12
19 гол - «Реал» 2015/16
19 гол - «Бавария» 2015/16.

Соңғы жаңалықтар