Психоневрологиялық есепте тұрғандар көлік жүргізу құқынан айырылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Таяу уақытта жол полициясы қызметкерлері психоневрологиялық диспансерде есепте тұрған тұлғалардың тізімін ала алатын болады. Бұл туралы ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Игорь Лепеха айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Парламенті Сенатында өткен шара барысында депутаттар эпилепсиямен ауыратын жүргізушінің елордада үш жаяу жүргіншіні қағып кеткендігін айтты және мұндай жол-көлік оиғасының алдын алу мәселесі қалай шешіліп жатқанын сұрады.

«Өткен аптада ғана Бас прокуратурамен, Құқықтық статистика және арнайы есеп комитетімен жұмыс кездесуі болды. Қазіргі уақытта әкімшілік құқықбұзушылықтардың бірыңғай тізілімі жасалып жатыр. Аталған тізілім аясында Құқықтық статистика және арнайы есеп комитеті біздің базамызды біріктіруге міндеттеме алды. Яғни, біз мұндай ақпараттарды (психоневрологиялық диспансерде есепте тұрған тұлғалардың тізімі) бірден алатын боламыз. Таяу уақытта Астанада сынап көреміз. Себебі мұнда планшеттер бар. Мұнан ары үш айдың ішінде бұл мәселені шешеміз», - деді И.Лепеха.

Ал ҚР Ішкі істер вице-министрі Ерлан Тұрғымбаевтың айтуынша, халыққа қызмет көрсету арнайы орталықтарындағы дәрігерлер жүргізуші куәлігін алу үшін анықтаманы психоневрологиялық есепте тұрғандардың тізімі бойынша береді. Дегенмен жүргізуші анықтама алған кезде сау болғанымен кейіннен есепке алып та жатады. Мәселен, өткен жылы психоневрологиялық есепте тұрған 60 жүргізуші ұсталып, олардан жүргізуші куәлігі тәркіленген.

Соңғы жаңалықтар