«Протон» ғарыш кешенінде 100-ге жуық қазақстандық жұмыс істеуде

None
None
БАЙҚОҢЫР. ҚазАқпарат - Байқоңыр ғарыш айлағында «Бәйтерек» ғарыш-зымыран кешенін құрастыру бойынша қазақстандық-ресейлік бірлескен жобаны жүзеге асыру шарттарының бірі жұмыс істеп тұрған «Протон» кешеніндегі ұшырылым жұмыстарына қазақстандық мамандардың жұмылдырылуы болып табылады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Мұндай шешім 2015 жылдың 27 қарашасы күні Қазақстан мен Ресей вице-премьерлерінің төрағалығымен өткен «Байқоңыр» кешені бойынша үкіметаралық комиссияның отырысында қабылданған болатын.

«Ағымдағы жылдың сәуір-тамыз айлары аралығында қазақстандық 92 маман оқудан және тағлымдамадан өтті, кешенді емтихандарды тапсырып, «Протон-М» ғарыш-зымыран кешенінің техникалық және ұшырылымдық кешендерінің жүйелері мен агрегаттарында өз бетінше жұмыс істеуге рұқсат алды», - деп атап өтті агенттікке берген сұхбатында «Бәйтерек» Бірлескен кәсіпорны Жобалау кеңсесінің директоры Олег Балицкий.

Техникалық кешенде - 22, ұшырылымдық кешенде 70 маман жұмыс істеуде. Сондай-ақ олар «Протон-М» зымыран-тасығышын ұшырылымға әзірлік және ұшырылым жұмыстарына қатысатын болады. Алдағы жақын уақыттағы ұшырылым 2016 жылдың 22 желтоқсанына жоспарланған.

«Аталмыш жұмыстарға қатысу мамандар санын бара-бара арттырумен жүзеге асырылатын болады. Ресейлік тараппен келісімдерге сәйкес бұл жұмыстар кешенді пайдалану уақыты аяқталғанға дейін, яғни 2025 жылы аяқталады», - дейді О.Балицкий.

Соңғы жаңалықтар