Прокурорлар журналистерді ашық әңгімеге шақырды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында прокурорлар мен журналистер еркін форматтағы дөңгелек үстел басына жиналды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Шараға облыстық прокуратураның басқарма бастығы Ербол Ештаев пен облыстық Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Мадияр Әліпов қатысып, БАҚ өкілдері мен блогерлердің сауалдарына жауап берді.

Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлт жоспары - бес институционалдық реформаны жүзеге асыруға бағытталған 100 нақты қадам» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған басқосуда Ербол Ештаев прокуратура органдарының ашықтығы мен қолжетімдігін арттыру мақсатында жасалып жатқан реформа жайлы баяндап өтті.

«БАҚ қызметкерлерін елдің көзі, құлағы, бет-бейнесі деуге болады. Өйткені мемлекетте атқарылып жатқан құқықтық реформалар, барлық жұмыстар халыққа журналистер арқылы жетеді. Еліміздегі прокуратура саласында да көптеген өзгеріс-жаңалықтар болып, тың жобалар қолға алынып жатыр. Сондықтан облыс прокуратурасы журналистермен ашық және жария түрде жұмыс жасауға әркез дайын. Қазіргідей кезеңде әр ақпараттың қолжетімді болуы маңызды», - деді облыстық прокуратураның басқарма бастығы.

Жиын барысында Мадияр Бақтыбайұлы да бұл кездесудің негізгі мақсаты сауатты, құқықтық қоғам құру екенін мәлімдеді.

Тараптар пікір алмасу кездесулерді алдағы уақытта да ұйымдастырып тұруға уағдаласты.

 

Соңғы жаңалықтар