Прокурор «Қорғастағы» қанды оқиғаның жай-жапсарын баяндап берді

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Алматы облысындағы "Қорғас" шекара маңы ынтымақтастық халықаралық орталығының  аумағында болған жайттың жай-жапсарын Панфилов ауданының прокуроры  Айдын Төребеков баяндап берді. Оның айтуынша, күдікті де жарақат алған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аудан прокуроры А. Төребековтің сөзінше, 4 маусым күні сағат 15.00-де кеудесінің сол жақ тұсынан жарақат алған Қ. Төлегеновтің денесі Панфилов аудандық орталық ауруханасына жеткізілді. Панфилов ауданының тұрғыны ауруханаға жеткенше жан тапсырған. Ол Қорғас ШХЫО аумағында 1995 жылы туған Д. Кәріпжановпен ерегесіп, Кәріпжанов Төлегеновтің кеуде  тұсына пышақ салған. Оқиғадан кейін күдікті Кәріпжанов қамауға алынды. Қамауға алу кезінде Д. Кәріпжановтың оң жамбасында ашық дене жарақаты болды. Оның айтуынша, ол осы қақтығыс кезінде жараланған. Бұл факті ҚР ҚК 99-бабы бірінші тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Қазіргі таңда барлық тергеу жұмыстары жүріп жатыр, деп мәлімдеді аудан прокуроры.

Қос азаматтың бұған дейін таныс екендіктері де белгілі болды. Олар Қорғас ШХЫО аумағында саудагерлердің жүгін тасымалдап, қызметтерін көрсетіп, нәпақаларын тауып жүрген.

Соңғы жаңалықтар