Прокуратура: Құқық бұзған жасөспірімдердің көпшілігі - ауқатты отбасының балалары

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қалалық прокуратурасы елорданың жасөспірімдер арасындағы қылмыстық статистикасына талдау жүргізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Зерттеу барысында кәмелеттік жасқа толмаған құқық бұзушылардың басым бөлігінің ауқатты отбасынан шыққаны анықталған.

«2016 жылы астаналық жасөспірімдер 206 қылмыс жасаған. Бұл 2014-2015 жылы тіркелген көрсеткіштерден екі есеге көп. Жасөспірімдер арасында кең тараған құқықбұзушылық - ұрлық. Бір қызығы, құқық бұзған 206 баланың 149-ы ауқатты отбасының балалары, қалған 25-і - әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан. Сондай-ақ, 8 баланың ғана ата-анасы жұмыссыз», - деп хабарлады Астана қаласының прокуратурасы жасөспірімдер қылмысының алдын алуды жаңғырту жобасының нәтижелеріне арналған жиналыста. 

Сондай-ақ, Астана қаласының прокуратурасы жасөспірімдер қылмысын төмендету үшін биылғы оқу жылында іске қосылған «Жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алуды жаңарту» әлеуметтік жобасының алғашқы қорытындысын жариялады.

«Жасөспірімдер қылмысы мәселесі кез келген қоғамды алаңдатады. Қала әкімдігімен, білім беру орындарымен және ішкі істер департаментімен бірлесе жұмыс істеген 4 айда елеулі нәтижелерге қол жеткіздік. Жасөспірімдер қылмысы 36 пайызға, әкімшілік құқықбұзушылықтар саны 11 пайызға, ювеналды полиция есебінде тұрған кәмелетке толмағандар саны 25 пайызға азайған», - деді Астана прокурорының аға көмекшісі Дана Мулакова.

Д.Мулакова жасөспірімдер қылмысына бастайтын негізгі факторларды атап көрсетті және қылмыс санын азайту мақсатында бірқатар әлеуметтік және білім беру шаралары жүргізілгенін мәлімдеді.

«Атап айтқанда, маусымдық каникулда балалар құқық қорғау органдары академиясында білім алды, прокурор, полицей жұмысымен танысты, еліміздің танымал футболшыларының қатысуымен өткен достық турнирлерге қатысты», - деді прокурор. 
Сонымен қатар, аталған жоба аясында астаналық мектеп оқушыларына өзін-өзі басқару мүмкіндіктері беріліп, әр мектептің өз министрлері тағайындалды.

«Биыл күзде мені ұстаздар мектептің ішкі істер министрі етіп тағайындады. Алғашында ештеңе түсінбедім. Өзім бұрын тәртіп бұзушы, бұзақы ретінде көп жауапқа тартылатынмын. Мұғалімдер «Министр деген атыңа кір келтірме, мектептің тыныштығын күзет» деп тапсырма берді. Енді тәртіп бұзған оқушыларды жөнге салып жүріп, өзімнің де мінез-құлқым өзгеріп келеді», - дейді №39 орта мектептің 9-сынып оқушысы Мамадияр Мәметқұл.
Айта кетейік, қалалық прокуратура жүзеге асырып жатқан «Жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алуды жаңарту» жобасы биылғы оқу жылының соңына дейін жалғасады.

Соңғы жаңалықтар