Прокуратура: Астана іргесінде атыс жасаған - «Қазсушардың» бұрынғы бас директоры

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Ақмола облысы Целиноград ауданы прокуратурасының ғимараты жанында құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне  қарулы шабуыл жасалды, деп хабарлайды Ақмола облысы прокуратурасының баспасөз қызметі.

Оның салдарынан прокуратура қызметкері Ж.Әлібаев және Целиноград ауданы ішкі істер бөлімінің тергеушісі А.Пшембаев оқ жарақатын алды.

Қарулы шабуылды қылмыстық іс бойынша сотталушы болып табылған О.А.Жампозов  жасады.

Іс бойынша О.А.Жампозов ҚР АШМ «Қазсушар» РМК ШЖҚ директоры бола тұра, басқа лауазымды тұлғалармен және мердігерлермен  алдын ала сөз байласу арқылы, өзіне сеніп тапсырылған Преображенское су құбырын жөндеу үшін бөлінген 620 млн. теңге көлемінде қаражатты  талан-таражға салды деп айыпталды.

Жампозовқа қатысты кепіл түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған.

Қарулы шабуылға ұшыраған прокурор сотталушы Жампозовтың қылмыстық ісі бойынша сотта мемлекеттік айыптаушы болған.

Іс бойынша сот отырысы ашық түрде өткен.

2017 жылдың 18 шілдесінде сот жарыссөздері барысында мемлекеттік айыптаушы Жампозовты кінәлі деп тануды және оған ҚР «Рақымшылық жасау туралы» Заңның ережесін қолдана отырып, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған.

Үкімнің жариялануы 2017 жылдың 20 шілдесі сағат 16:00-ге тағайындалған.

Қарулы шабуыл сот үкімінің жариялануына дейін орын алды.

Шабуыл жасағаннан кейін Жампозов қылмыс орнынан бой тасалаған.

Көп ұзамай оның автокөлігі АЛЖИР қуғын-сүргін құрбандары мемориалды кешенінің маңынан табылды. Көліктен Жампозовтың мәйіті де табылды.

Алдын ала болжам бойынша, ол өз-өзіне қол жұмсаған.

Жарақат алған қызметкерлер ауруханаға жеткізілді.

Істің тергелуін қадағалау Астана қаласы прокуратурасына тапсырылды.

Соңғы жаңалықтар