Прокашева: Конькимен жүгірушілер Универсиадада жерге қаратпайды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Конькимен жүгіру спортынан Қазақстанның бас жаттықтырушысы, павлодарлық Людмила Прокашева өз шәкірттерінің қысқы Универсиадада жүлде алатынына сенімді. 

Сондай-ақ, ол жүлденің жалғыз болмайтындығын алға тартады, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

 - Мүмкіндігіміз жоғары. Спортшылардың дайындығын, аяқ алысын өз көзіммен көріп жүргендіктен, олардың жерге қаратпайтынына сенімдімін. Біз Алматыда лайықты нәтиже көрсетеміз. Жеңімпаз атануға, жүлдегерлер қатарынан көрінуге лайықты спортшылар баршылық. Олардың арасында мол тәжірибе жинақтаған спортшылар да, мұндай додаға алғаш рет қатысқалы отырған жастар да бар. Бірақ, олардың есімдерін атап, ешкімді бөле-жара атап өткім келмейді. Нақты айтарым, Универсиадада жүлде болады және жалғыз емес, - дейді Людмила Прокашева.

Бүгінде қазақстандық конькимен жүгірушілер Қытайдың Үрімжі қаласында кезекті оқу-жаттығу жиынын өткізуде.

- Команданың жоспарлы оқу-жаттығу жиындары, спортшылардың мұздағы дайындығы ойдағыдай өтті. Әлем Кубогының бірінші кезеңі біздің спортшылардың алға қойған биік мақсаттарды еңсере алатындығын дәлелдеп берді. Роман Кречтің Қытайдың Харбин қаласында өткен Әлем Кубогының бірінші кезеңінде 500 метрлік қашықтықта топ жаруы қазақстандықтардың мүмкіндігін паш етті. Универсиадаға қатысатын жиырмадан астам спортшының дені Ақтөбе, Петропавл, Қарағанды қалаларының өкілдері, - дейді 1998 жылғы Нагано Олимпиадасының қола жүлдегері. Людмила Прокашева Универсиаданың Алматыда өтуі Қазақстан үшін қай жағынан болмасын тиімді екенін айтады. - Біріншіден, еліміздің туристік мүмкіндігін паш етуге арналған тамаша мүмкіндік. Екіншіден, Алматының инфрақұрылымы дамиды. Бұл - 2011 жылы Астана мен Алматыда қатар ұйымдастырылған қысқы Азия ойындарынан кейінгі екінші ауқымды жоба. Универсиада арқылы әлем халқы Қазақстанның мәдениетін, ұлттық ерекшелігін одан әрі тани түспек. Қазақстандағы бірлік пен тұрақтылықтың үлгісі Универсиада арқылы жұмыр жерге жайылмақ. Біз осының бәрін бүкпесіз, қоспасыз жеткізе алуымыз керек, - дейді ол.

 Естеріңізге сала кетейік, Людмила Прокашева 2016 жылдың 4 шілдесінде конькимен жүгіру спортынан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері болып тағайындалған болатын. Ол өзінің спорттық мансабында Универсиадаға қатысқан емес.

Соңғы жаңалықтар