Профессор Саят Ыбырай мерзімінен бұрын бостандыққа шығатын болды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, 11 сәуір күні Өскеменде Шығыс Қазақстан облыстық сотының апелляциялық алқасы 12 жылға сотталған ғалым, профессор Саят Ыбырайды шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішті қарап, оны қанағаттандыру туралы шешім шығарды. Бұл туралы ҚазАқпарат Саят Ыбырайдың адвокаты Абзал Құспанға сілтеме жасап хабарлайды.

«Қазір ғана соттан шықтық. Біздің өтінішіміз толық қанағаттандырылды. Семей қалалық сотының шешімі бұзылды. Саят Ыбырай бүгін кешкі сағат 19.00-ге дейін үлгерсе шығады. Үлгермесе ертең шығуы керек», - деді Абзал Құспанов.

Адвокаттың айтуынша, сот шешімі бүгіннен бастап күшіне енеді. Бұған дейін елдегі ғалымдар, қоғам қайраткерлері Саят Ыбырайды босату жөнінде Қазақстан Президентіне бірнеше мәрте хат жазған. Саят Ыбырай 2011 жылы «қылмыстық топ құрды» деген айыппен 12 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Ол 2011 жылы желтоқсанда сырттай Әлихан Бөкейхан атындағы сыйлыққа ие болған. 2013 жылы қазақстандық құқық қорғаушылардан құралған сарапшылар тобы Саят Ыбырайды елдегі «ар-ұждан тұтқындары» қатарына кіргізген.

Фото: gdb.rferl.org

Соңғы жаңалықтар