Президенттің «Бес әлеуметтік бастамасы» үлкен берекенің бастауы - Сауытбек Абдрахманов

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Бес әлеуметтік бастама» аясындағы 2018-2019 оқу жылындағы қосымша гранттар адам капиталы саласына елеулі серпін береді. Бұл туралы ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысынан кейін Мәжіліс депутаты Сауытбек Абдрахманов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біздің Ата Заңымызда бірінші бапта Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады деген сөздер бар. Елбасымыздың бүгінгі сөзі сол қағиданың тамаша дәлелі. Президент «Бес әлеуметтік бастаманы» жария етті, оның әрқайсысы біздің халқымыз үшін үлкен берекенің бастауы. Тұрғын үйге қолжетімділік деген өте тамаша шешім. Осы орайда «7-20-25» бағдарламасы ипотекалық несиенің жылдық мөлшерін 7 пайыздан асырмайтын талапты ескеріп отыр», - деп тоқталды С. Абдрахманов.

Сонымен қатар ол 2018-2019 оқу жылында студенттерге арналған қосымша гранттың өзі адам капиталы саласына елеулі серпін беретінін атап өтті. «Білім алуға қолжетімділіктті арттыру бағытында ел үшін жақсы жаңалық жария етілді. Қазіргі 54 мың гранттың үстіне 20 мың грант қосылғалы отыр», - деді депутат.

Оның пайымынша,  «Бес әлеуметтік бастаманы» жүзеге асыру еліміз үшін жақсы жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді.

«Елбасы осының барлығына берекелі бірлігіміз болса, берекелі тірлігіміз болатынын атап айтты. Алдағы елеулі жұмыстарға орай тиісті заңнамаға қатысты нормативтік актілер бойынша түзетулер жасалады деп ойлаймыз», - деді Сауытбек Абдрахманов.

Соңғы жаңалықтар