Президенттің бастамалары халықтың зор қолдауына ие болып отыр - Нұрлан Ноғаев

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Бүгін Атырауда облыс активінің жиыны өтіп, қатысушылар Президент Нұрсұлтан Назарбаев жариялаған бес әлеуметтік бастаманы талқылады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі Атырау облысының Аймақтық коммуникациялық қызметіне сілтеме жасап.

Өңір басшысы Нұрлан Ноғаев қатысушылардың алдында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысының бастамалары Атырау халқының зор қолдауына ие болғанын атап өтті. Облыс әкімі Президенттің бастамаларының әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, өңір дамуының әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы толық мәлімет беріп, жауапты органдардың алдында тұрған нақты тапсырмалар туралы сөз қозғады.

Қазақстанда «7 - 20 - 25» бағдарламасын іске асыру көзделіп отыр. Жұмыс істеп жүрген әрбір азамат жеңілдетілген шарт бойынша ипотекалық қарыз алу мүмкіндігіне ие болады. Яғни, несие бойынша сыйақы мөлшерлемесі - 7 пайыз болса, алғашқы жарна 20 пайыздан аспауы керек. Ал несиені төлеу мерзімі 25 жылға созылады.

«Аталған бастамалардың орындалуы - жергілікті атқарушы органдардың міндеті. 2017 жылы Атырау облысында 624,145 мың шаршы метрлік 5252 пәтер пайдалануға берілді. 2016 жылмен салыстырғанда берілген пәтерлердің саны 12 пайызға артты. Мемлекет тарапынан және жеке қаржыландырудың есебінен 36 көппәтерлі үйді қолданысқа енгізу мүмкіндігі туды. Демек, біз осы бағытта жұмысты жалғастыра беруіміз керек. Мемлекет басшысымен ұсынылған бастамалардың негізіндегі ипотекалық несиелеу бағдарламасы үйге қол жеткізу жолында көптеген азаматтар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады», - деді Нұрлан Ноғаев.

Бүгінгі таңда өңір аумағында 3892 пәтер болатын 44 көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Олардың ішіндегі 2164 пәтерлі 34 үйді жылдың соңына дейін пайдалануға беру көзделген. Ипотекалық несиелеудің жаңа шарттары жеңілдетілген жолмен азаматтарға үй алуға мүмкіндік береді.

«Банктердің депозиттерінде өңір тұрғындары жинаған 21 миллиард теңге қаражаты бар. Егер 2017 жылы екінші деңгейлі банктермен жалпы мөлшері 8 миллиард теңгелік 860 ипотекалық несие берілсе, биыл бұл көрсеткішті екі есеге дейін арттыру көзделуде. Алғашқы жарна мөлшерінің төмендетілуі әлеуетті қоныстанушылардың санын арттыруы мүмкін», - дейді облыс әкімі.

Сонымен бірге, Нұрлан Ноғаев ел Президентінің салық жүктемесін азайтуға қатысты бастамасын ерекше атап өтті. Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап айлығы төмен, жұмыс істейтін қазақстандықтар үшін салық жүктемесін 1 пайызға дейін төмендетуді ұсынған болатын.

Бұған қоса аймақ басшысы студент жастардың өмір сүруі мен білім сапасының мәселелеріне тоқталды.

«Атыраудағы үш Жоғарғы оқу орнында 12436 студент білім алып жатыр. Олардың ішіндегі 1605-і мемлекеттік грант есебінде оқуда. 1612 студент жатақханамен қамтылған. 312 студент әлі де тұрғылықты орынға мұқтаж. Сонымен бірге, 2017 жылы 222 білім алушы жергілікті бюджеттің есебінен грантқа ие болды. Кадрлық сұранысты ескере келе биыл жергілікті бюджеттің есебінен оқу гранттарына қатысты қосымша қаражат бөлу жоспарланып отыр», - деді ол.

Университеттермен бірге, Атырау облысындағы 25 колледжде 17178 студент білім алуда. Олардың ішіндегі 8560-ы мемлекет гранты бойынша оқуға түскен. Он колледждің 782 орындық жатақханасы бар. Бөлмеге ие болу үшін жатақханаларға 771 студент өтінім берген. Жатақханалардағы орын жетіспеушілігін шешу үшін қазіргі таңда осы нысандарды тұрғызу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Д.Нұрпейісова атындағы музыкалық академияда 100 орындық жатақхана тұрғызылуда. Аққыстау кентінде техникалық колледждің 320 орындық ғимараты бой көтеріп келеді. Дәл сол жерде де 100 орындық жатақхана салынады. Қазірге дейін 5 жатақхананың іргесін қалау бойынша жобалық-сметалық құжат дайындалған. Жер қойнауын пайдаланушылардың есебінен тағы екі жатақхана салу көзделген», - дейді Нұрлан Ноғаев.

Шағын және орта бизнесті дамыту ісі де жергілікті биліктің тұрақты бақылауында. Кәсіпкерлерге несие беру бойынша мемлекеттік бағдарламалар бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселелерді шешетін болады.

«2017 жылы «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы бойынша құны 1,5 миллиард теңгелік 312 жоба бойынша пайыздық мөлшерлемемен субсидия берілді. Осының арқасында 1210 жұмыс орыны құрылды. 191 жоба ауылды елді мекендерде іске асырылды. 2018 жылы аталған бағдарлама бойынша жергілікті бюджеттен 1 миллиард 980 миллион теңге бөлінді. Қосымша республикалық бюджеттен бұл бағытта тағы да 589 миллион теңге бөлу қарастырылуда. Сонымен бірге, «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша 750 адам оқытылды. Ауыл шаруашылығы нысандарының шығындарын субсидиялау тұрғысында 1 миллиард 127 миллион теңге бөлініп, игерілді. Республикалық бюджеттен бұл бағытта тағы 1 миллиард 127 миллион теңге қаражат бөлу жоспарлануда», - деді өңір басшысы.

2017 жылы өнімді жұмыспен қамту мен жаппай кәсіпкерлікпен айналысуды дамыту мақсатындағы мемлекеттік бағдарламалар аясында құны 253 миллион теңгелік кәсіпкерлердің 24 жобасы қаржыландырылды. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев жаппай кәсіпкерлікке бет бұру бағытындағы жұмысты жалғастыруды тапсырды.

Қазақстан Президенті бастамаларының бесіншісі - елімізді газдандыруды жалғастыру болып табылады. Атырау облысында аталған салада орасан зор жұмыстың атқарылғанын айта кету керек. Бүгінгі таңда Атырау облысының 130 тұрғылықты елді мекені және екі қаласы толығымен табиғи газбен қамтылған. Басқаша айтқанда, өңір тұрғындарының 96,8 пайызы газбен үйін жылытып, тамағын дайындап отыр. Десе де, 2018 жылы тағы 135 елді мекенді газбен қамту көзделген. Осылайша, 2019 жылдың алғашқы жартыжылдығына дейін облыс аумағындағы 145 елді мекенді газбен қамтып, жоғарыда аталған көрсеткішті 99,2 пайызға дейін жеткізу жоспарланған.

Облыс активі алдында сөзін аяқтай келе Нұрлан Ноғаев өңір халқын Мемлекет басшысының бес бастамасын жүзеге асыруға атсалысуға шақырды.

«Тек ынтымақтың арқасында алдымызға қойған межелерді бағындыра аламыз. Бұл үшін өңірде барлық жағдай жасалып отыр», - деп түйді Нұрлан Ноғаев.

Соңғы жаңалықтар