Президент оңтүстікқазақстандық 250 балаға сыйлықтар жіберді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ел тарихына алтын әріппен жазылатын Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерекесі қарсаңында Оңтүстік Қазақстан облысының 250 оқушысы Елбасының атынан сыйлықтар алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Олардың 10-ы оқу озаттары, қалғаны - ерекше оқытуды қажет ететін және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар. Бүлдіршіндерге сыйлықты облыс әкімі Жансейіт Түймебаев тапсырды. Елбасы атынан жеткен жылы киімді облыс әкімі кигізді. Пернехан Тұрарбек Шымкенттегі Ахмет Байтұрсынов атындағы №50 мектеп-гимназиясында оқиды. Оқу озаты. Білімді шәкірт болашақта құрылысшы болуды қалайды. Елдің өркендеуіне өзінше үлес қосқысы келетін жас бүгін арнайы сыйлық алғанына разы.

Мерекелік кеште балаларға сыйлықтан бөлек, арнайы дастархан жайылды. Оларға әр алуан тәттілер ұсынылды. Ал, салтанатты шараға қатысқан өңір басшысы балғындардың қолөнер туындыларын арнайы көрмеден тамашалап, шығармашылықтарына табыс тіледі. Өз кезегінде Түймебаев балаларды мерекемен құттықтап, оқушыларға Елбасы өмірін үлгі етті. 

«Елбасы атқа мінеді, спортпен айналысады, Сіздер де сондай болыңыздар.  Сіздерге амандық тілеймін. Осы егемендігіміздің келесі 50 жылдығында сіздер мемлекетіміздің одан сайын кемелді болуына ат салысыңыздар. Барлықтарыңызға денсаулық тілеймін»,-деді облыс әкімі өз сөзінде.

«Бар мейіріміміз - балаларға!».  Осы атауға ие қайырымдылық шарасы облыстың барлық аудан-қаласында ұйымдастырылды. Акция аясында бір күнде 6 мың бүлдіршінге қамқорлық  көрсету жоспарланған.

 

Соңғы жаңалықтар