Президент: Қазақстанда электр энергиясының құны арзандауы тиіс

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Президент Нұрсұлтан Назарбаев Энергетика министрлігіне тұтынушылар үшін электр энергиясының құнын арзандатуды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бірыңғай сатып алушының моделін енгізу мен өңірлік электр желілік компанияларды ірілендіру жоспарлануда. Энергетика министрі бұл шаралар жақсы нәтиже беретінін, тұтынушы үшін электр энергиясы құнын төмендететінін баяндаған болатын. Алайда бұған қол жеткен жоқ», - деді Президент ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаевқа қаратып айтқан сөзінде.

Өз кезегінде министр энергия қуаты нарығында бірыңғай сатып алушы анықталғанын атап өтті. 2019 жылдың 1 қаңтарынан нарықты іске қосу үшін 2017 жылы қажетті жұмыстар даярланды.

«Бірыңғай сатып алушы ретінде «КЕГОК» АҚ-ның есептеу-қаржылық орталығы айқындалды. Биыл барша еліміз бойынша екі жаттығу шараларын өткізбекпіз, яғни нақты уақыт режімінде қуат нарығының жұмысын бағалаймыз»,- деп түсіндірді Бозымбаев.

Сонымен қатар ведомство басшысы энергия тарататын ұйымдарды ірілендіру тетігі де анықталғанын жеткізді.

 «2018 жылы энергия беретін ұйымдарда диспетчерлік басқару бекеті болуы тиіс. Осы орайда біз оның барлығын тексеріп шығамыз. Ал осындай бекеттері жоқ компанияларды жабамыз. (...) Біліктілік талаптарын орындамайтын ұйымдарға шаралар қабылданады. Сонымен қатар тарифті азайтуға қарай қайта қарастыру шаралары ескерілген. Осы арқылы, олар өзге өңірлік электр желілік компаниялармен іріленуі үшін ынталандыру болады», - деп түсіндірді министр.

Оның сөзіне қарағанда, нәтижесінде, энергия тарататын ұйымдар 30 пайызға қысқарады, яғни 160-тан 110-ға дейін. Бұл өз кезегінде аталған ұйымдардың шығындарын оңтайландыруға мүмкіндік береді. Бірінші кезекте, түрлі басшылар, контроллерлер азаяды.

«Бірақ та бұл жұмыстар тиісті уақытты қажет етеді. 2017 жылы үш энергия тарататын кәсіпорын жұмысын тоқтатты, 2018 жылы 27 компания өзінің қызметін доғарады», - деп нақтылады министр.

Қанат Бозымбаевтың баяндамасынан кейін Президент Нұрсұлтан Назарбаев тиісті тапсырманы жүктеді.

«Саладағы жағдайды егжей-тегжейлі баяндап бердің, алайда аталған жұмыстың нәтижесінде өңірлер арасында тарифтер айырмашылығы ыңғайлануы керек. Сонымен қатар тұтынушылар үшін электр энергиясысының құны төмендеуі қажет», - деп түйді Мемлекет басшысы.

Соңғы жаңалықтар