Президент: Бес бастаманы әдейі Әйелдер күні мерекесі қарсаңында жарияладым

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жақында жарияланған бес әлеуметтік бастаманы ең алдымен нәзік жандар қауымына арналғанын атап өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Бүкіл әлем әйелдің ақ тілегінің арқасында шаттық шуағына бөленіп тұр. Ана мен бала мәселесі ешқашан біздің назарымыздан тыс қалған емес. Мен алдыңғы күні өздеріңіз естіп білгендей халыққа үндеу жолдап, бес жаңа әлеуметтік бастама ұсындым. Әрбір отбасына, жастарға, сонымен бірге әйелдерге де бұл бастамалардың барлығының шарапаты тиеді. Себебі, онда айтылған мәселелердің бәрі әйелдерге тікелей қатысты. Атап айтсақ, баспананы әрбір отбасыға қолжетімді ету, білім гранттарын күрт көбейту,  шағын несиелерді беріп, сонымен бірге көптеген әлеуметтік мәселелер қамтылғанын білесіздер. Яғни, Президенттің бес әлеуметтік бастамасы атты бағдарлама ең алдымен сіздерге арналған, құрметті ханымдар», - деді Елбасы Астанадағы «Қазақстан» концерт залында өтіп жатқан «Көктем шуағы» атты концертте.

Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, әйелдің жағдайы жақсы болса, әлеуметтің жағдайы да жақсы болады.

«Сондықтан, мен ол бастамаларды әдейі көктемнің ең шуақты мерекесі - Халықаралық әйелдер күні қарсаңында жарияладым. Ардақты арулар, әйелдің жағдайы жақсы болса, әлеуметтің жағдайы да жақсы болады. Барлық шаруаны қиналмай атқарып, іскер әйелдердің ерлігі де, өрлігі де өзіне жарасып тұрады. Арулардың ақыл-ойының күш-жігері өз шаңырағын да, қоғамды да өрге сүйрей алады. «Әйелдерсіз күн көруге болады, бірақ көрген күнің күн болмайды» деген Қадыр ақын. Сіздер әрдайым ер-азаматтарға қолғанат болып, оларды үнемі қолдап келесіздер», - деді Президент.

Мемлекет басшысы қазақтың «Еркектің қайламен бұза алмағанын, әйелдер айламенен бұза алады» деген сөзін келтірді.

«Сондықтан, Тәуелсіз мемлекетімізде сіздердің көмектеріңіз әрқашан қажет деп ойлаймын. «Әйелдерді сөйлетудің амалы көп, бірақ сөйлетпеудің ешқандай тәсілі жоқ» дейді қазақ. Біздің қоғамда сіздер әрдайым еркін пікір айтып, ел ісіне етене араласуға тиіссіздер. Жандарыңыз өте нәзік болғанымен, қайраттарыңыз ер-азаматтардан ешқашан кем түскен емес. Осыған орай, жұрт «Әйел қаласа, еркектен бәрін алады, тіпті фамилиясын да алады» дейді. Қазіргі көзі ашық, көкірегі ояу әрбір қыз-келіншек, аяулы жар, асыл ана білікті маман болуды қалайды. Бұл өте дұрыс», - деп түйді Мемлекет басшысы.

Соңғы жаңалықтар