Президент Астанадағы оңтүстіккореялық үйлердің сырт келбетін өзгертуді талап етті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Президент Нұрсұлтан Назарбаев ЭКСПО көрмесіне дайындық мәселелерін пысықтауға арналған отырыста елордадағы салынған үйлердің сырт келбетіне мән беруді тапсырды, деп xабарлайды ҚазАқпарат.

«Біздің кейбір үйлеріміздің қасбетіне қараңыздар. Президенттің көз алдында тұрған үйлердің қасбеті, адам жүретін жолдарда тақтайшалар түсіп қалған, бұзылып, жұпыны тартқан. Үй иелері бұны ретке келтірмейді, себебі ешкім талап етіп жатқан жоқ. Бізде қыс ұзақ, қыста қалада жасыл-желек болмайды, елорданы тек әдемі нысандар көркейтіп тұрады. Меніңше көк, сары, ақ түстер біздің қаламызға жақсы жарасады. Осыны біреу қадағалап отыруы тиіс. Оңтүстік кореялықтар биік-биік үйлер салып жатыр. Сұп-сұр суық ғимарат. Тұрғын үй емес, Ішкі істер министрлігіне арналған мекемелер сияқты. Тым құрығанда ақ үйлер болуы керек. Не қиындық бар мұнда?! Қазір бар ма ол құрылыс компаниясы, оңтүстік кореялық инвесторды тұрғызыңыздаршы. Біз Сіздерді шақырттық, жақсы үйлер салып жатырсыздар, сол үшін алғыс айтамыз, бірақ неге сол үйлердің қасбеті басқа тұрғын үйлерге қарағанда тым нашар?», - деп сұрады Елбасы HighWhill тұрғын үй кешенін меңзеп. 

«Құрметті Президент мырза, Сіз айтқан сыныңызды ескере отырып, біз барлық өзгерістерді енгізуге дайынбыз», - деді өз кезегінде оңтүстік кореялық инвестор.

Президенттің сөзінше, бұл жұмысты о баста қадағалап отырғанда, мұндай проблемалар туындамас еді.

«Мен Ақордадан күнде барлығын көріп тұратынымды ескер. ЭКСПО қарсаңында жағдайды түзетесіңдер деп ойлаймын. Жалпы жақсы салып жатырсыздар, бұны түзетуге болады», - деп атап өтті Елбасы.

Соңғы жаңалықтар