Премьер-Министр инвесторлар үшін кірісі мол салаларды атады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада өтіп жатқан «Kazakhstan Global Investment Roundtable» форумында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев инвесторлар үшін кірісі мол салаларды атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ғылыми қамтымды өндірісті дамыту, экономиканың базалық салалары мен агроөнеркәсіп кешенін дамыту бойынша саясатымыз инвесторлар үшін зор мүмкіндік береді. Біз бұл салаларға Қазақстанның үшінші жаңғыруы аясындағы ауқымды инвестицияны бағыттауды жоспарлап отырмыз. Экономиканы әртараптандыруды жалғастырамыз және сіздерді металлургия, мұнайды қайта өңдеу, химия және машина жасау салаларына шақырамыз. Қазақстанда мыс, алтын және литий, ваннадий, фосфат шикізатын қоса алғанда сирек және өте сирек кездесетін металдар өндірісін әзірлеу және дамыту саласында көп жобалар бар. Қайта өңдеу өнеркәсібін одан ары дамыту үшін біз геологиялық барлауға инвестиция, шикізатты байыту мен өңдеуге жаңа технологиялар тартуға мүдделіміз», - деді Сағынтаев.

Сонымен қатар Үкімет басшысы елімізде агроөнеркәсіп кешенді ауқымды жаңғырту жүргізіліп жатқанын, Қазақстан бүгінде астық пен ұн өндіруде әлемдік көшбасшылардың біріне айналғанын айтты.

«Біз бұл басымдығымызды күшейтеміз. Сонымен қатар аграрлық секторға құрылымдық реформалар жүргізіп, нарықтық сұранысқа сай егістік алқаптарын әртараптандырамыз. Тыңайтқыш, биоқоспалар және сұрыптау саласындағы жаңа технологияларды қоса алғанда барлық саланы ғылыми-техникалық және технологиялық қайта жарақтандыру басталды. Мұның барлығы да  азық-түлік өнеркәсібіне инвестиция үшін зор мүмкіндіктер береді»,- деді Премьер-Министр.

Оның айтуынша, Қазақстан инфрақұрылымдарды, логистикалар мен көліктерді және леспе қызметтерді дамыту үшін инвестициялық тұрғыда тартымды бола түсуде. Соңғы үш жылда әлемнің негізгі нарықтарын қамтитын, әрі экономикалық тиімді инфрақұрылымдар салынды.

«Біздің стратегиялық мақсатымыз - Қазақстанды Орталық Азияның ірі көлік-логисткалық хабына айналдыру. Таяу 2-3 жылдың ішінде үкімет транзиттік тасымалды 2 млн контейнерге дейін арттыруды және транзиттен түсетін кірісті 5 млрд долларға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Қазақстанның барлық көлік-логисткалық инфрақұрылымы мен «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы Қытайдың «Жібек жолы экономикалық белдеуі» және «Бір белдеу, бір жол» жобаларымен үйлестірілген. Біз инвесторларды көлік пен логистикаға қаржы салуға және бізден бірге кіріс алуға шақырамыз», - деді ол.

Премьер-Министр Қазақстан Үкіметі шетелдік инвесторлардың ұсыныстары мен тың идеяларына ашық екендігін атап өтті.

Соңғы жаңалықтар