Полоний Олимпиадасы: Қазақстандықтар үздік ондықтың қатарында

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Польшада соңына жеткен Бүкіләлемдік XIII Полоний ойындарында Қазақстан құрамасы сегізінші орынға табан тіреді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Полоний Олимпиадасы деп аталып кеткен дәстүрлі ойындар Крыница-Здруй шипажайлы қалашықта ұйымдастырылды. Спорттың 8 түрінен 23 мемлекеттің 650 спортшысы өзара бақ сынасты. Атап айтқанда, командалар тау шаңғысы, шорт-трек, шаңғымен жүгіру, сноуборд, нординг, конькимен жүгіру көпсайысы, хоккей мен отбасылы эстафета сайыстарынан өзара мықтыны анықтады. 25 қазақстандық спорттың 6 түрінен ел намысын қорғады.



Жарыс қорытындысы бойынша, Қазақстан құрамасының қоржынына 8 медаль түсті. Александра Павленко мен Валерий Белинский сноубордтан Полоний ойындарының жеңімпазы атанды. Сонымен бірге, конькимен жүгіру көпсайысынан және шорт-тректен Богдан Кулаков құрамамызға екі алтын медаль салып берді. Сонымен қатар конькиден Наталья Кулакова мен Тэйвелд Домбровский күміс медальға ие болса, Александра Павленко мен Тэйвелд Домбровский құраманың еншісіне тағы екі қола медаль әкелді.

Полоний ойындарында жас бойынша өзінің категориясында үздіктердің қатарына Давыд Добровольский, Стас Добровольский, Анатолий Кулаков, Влада Добровольская, Мария Кулакова, Юнна Лопата, Вероника Шатурская, Анна Добровольская, Наталья Кулакова, Инесса Антропова, Нина Плиссенко (шорт-трек); Карина Белинская (сноуборд); Анатолий Кулаков, Сергей Левкович, Элмира Оразгелдиева және Инесса Антропова (конькимен көпсайы) енді.



Айта кетерлігі, жарыс өткен уақытта Қазақстан екі күн қатарынан медальдар саны бойынша көшбасшы болып тұрды. Жарыс соңында, бірінші орынға - Чехия, екінші орынға - Литва, үшінші орынға Беларусь орналасты. Төртінші тұғырдан Ресей көрінсе, одан кейінгі орындарды Германия, АҚШ, Швеция, Қазақстан, Венгрия, Канада мен Норвегия бөлісті. 12-ден 16-шы орынға дейін Латвия, Австрия, Швейцария, Украина, Исландия мен Болгария жайғасты. Испания, Ирландия, Финляндия, Австралия, Польша мен Молдовадан келген спортшылар медальсіз қалды.



Еске сала кетсек, 2017 жылы Торун қаласында өткен Полоний ойындарында Қазақстан 11 медаль (7 алтын) ұтып алған болатын. Ал 2016 жылғы қысқы ойындарда 9 медальға қол жеткізді.

Айта кетсек, Полоний ойындары 1934 жылдан бері 2 жылда бір рет өткізіліп келеді. Оған шетелде тұрып жатқан ұлты поляк азаматтар қатысады. Шараның мақсаты - поляк бірлестігін интеграциялау, тарихи отанмен поляктардың байланысын нығайту. Ал қысқы спорт түрлерінен Полоний ойындары 1986 жылдан бері өткізіліп келе жатыр.




Соңғы жаңалықтар