Полиция қызметкері заңсыз мұнай сатып, қару сақтағаны үшін айыпталды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде 85 мың литер дизельді отынды заңсыз сақтап, сатып алып, сатқан қылмыстық топтың ісі сотқа жетті. Бұрынғы полиция қызметкері Қазбек Әлиев заңсыз мұнай өнімдерін сатып, қару сақтағаны үшін айыпталып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мамыр айында қолға түсіп, уақытша тергеу қапасына қамалған қылмыстық топтың ісі бүгін №2 Ақтөбе қалалық сотында қарала бастады.

Іс материалына сүйенсек, сотталушы Орал Бисембин осы жылдың ақпан-мамыр айлары аралығында Темір ауданында дизельді отын ұрлап сатушылардың бар екенін біліп, қылмыстық іске барады. Қазіргі уақытта дизельді отын ұрлап, сатқандарға қатысты өзге іс қозғалған. Ал сотталушы О.Бисембин дизельді отынды құжатсыз алып, оны Темір ауданының Саркөл ауылындағы тұратын Жолшара Салмағамбетов арқылы тасымалдайды. Заңсыз дизельді отын тасу қылмыстық ісі туралы Елек полиция бөлімі бастығының бұрынғы орынбасары Қазбек Әлиев біліп, іске ортақтасады. Олар дизельді отынды Ақтөбе қаласындағы «Таза Дала Ком» ЖШС қоймасында сақтайды. «Таза Дала Ком» ЖШС-нің директоры Орал Бисембин бастаған қылмыстық топ осы жолмен барлығы 85 мың литрден астам қысқы және жазғы дизельді отынды сатып алып, сатқан. Оларға Қылмыстық кодекстің «Мұнайдың және мұнай өнiмдерiнің шығарылу заңдылығын растайтын құжаттарсыз оларды тасымалдау, иемдену, өткiзу, сақтау, сондай-ақ мұнайды қайта өңдеу» бабы бойынша айып тағылды. Қылмыстық топтың арасында «Дая Компани» ЖШС директоры Азамат Отарғалиев те бар. Олар 85 мың литерден астам дизельді отынды заңсыз сатып алып, сатқан. Жалпы құны - 12,7 миллион теңге.

Айта кетейік, бұрынғы полиция қызметкері Қазбек Әлиев Ақтөбе қаласындағы аялдамалардың бірінде қара сөмке тауып алады. Сөмке ішінен газ тапанша және 40 резеңке оң-дәрі табылады. Ол тапқан қаруды тіркеуге алмай, өзіне сақтаған. Сот сараптама жасалып, қарудың қолданысқа жарамды, жеке адамға тиесілі екеніні анықталды.

Қазбек Әлиев Қылмыстық кодекстің «Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» бабы бойынша да жауап береді. Сот отырысы кезінде сотталушылардың бәрі өз кінәларын толық мойындады. Тек сотталушы Орал Бисембин тағылған айыппен ішінара келіспейтінін айтты.  Сот отырысы жалғасып жатыр. 

Соңғы жаңалықтар