Полиция департаменттерінің басшылары әкім мен халыққа есеп беретін болады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ішкі істер министрлігі ішкі істер органдарының қызметін жетілдіруге арналған заң жобасындағы тың өзгерістерді түсіндіріп берді, деп хабарлайлы ҚазАқпарат.

«Ішкі істер органы қызметтерін жетілдіру мақсатында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ішкі істер органдарының қызметін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы әзірленді. Жобаның негізгі мақсаты жаңадан құрылған бөліністің атауын Полиция департаментіне ауыстырып, оған Ішкі істер департаменттері мен жергілікті полиция қызметін қосуды көздейді. Бөліністің атауын қайта ауыстыру бүгінгі күнде аумақтық ішкі істер департаменттерінің құрылымына тек полицейлік қызметтерді атқаратын бөліністер кіретініне байланысты болды. Осы орайда аумақтық полиция органының жаңа атауы оның қызметіне толық сәйкес келетін болады», - деп мәлім етті министрліктен «ҚазАқпарат» агенттігінің жолдаған сауалына.

Сонымен қатар құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мәселелерінде жергілікті атқарушы органдардың рөлін арттыру үшін облыстық деңгейдегі әкімдерге полиция департаменттерінің бастықтарын тағайындау өкілеттіктері берілген.

«Бұл лауазымдарға кандидатураларды Президенттік кадрлық резервте тұрған полиция қызметкерлері қатарынан Ішкі істер министрі ұсынады. Полиция департаменттерінің басшыларын атқарып отырған лауазымынан босату «Құқық қорғау қызметі туралы» Заңының ережелеріне сәйкес жүзеге асырылады. Полиция бөліністерінің басқа да басшылары мен қызметкерлерін қызметке тағайындау мен босату «Ішкі істер органдары туралы» Заңы аясында жүргізіледі», - деп түсіндірді ІІМ.

Бұдан бөлек,  әкімдерге полиция департаменттері алдында тиісті аумақта құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша міндеттер қою құқығы беріледі. Заң жобасының нормаларына сәйкес, әкімдер кемінде жылына бір рет полиция департаменттері басшыларының есеп берулерін тыңдайды. Әкім алдында есеп беруден бөлек, полиция департаментінің басшысы кемінді жылына бір рет халық алдында есеп беруге міндетті болады. Учаскелік полиция инспекторлары осындай есеп берулерді бекітілген учаскелерде тоқсан сайын өткізеді.

Сонымен қатар заң жобасында әкімшілік құқық бұзушылықтың жолын кесу немесе әкімшілік өндірісті қамтамасыз ету мақсатында адамдарды уақытша ұстауға арналған арнаулы үй-жайлардың қызметі заңнама жүзінде бекітіледі.

«Әзірленген заң жобасының нормалары ішкі істер органдарының қызметін одан әрі жетілдіруге, халықтың полицияға сенімін арттыруа және оның жұмысының ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған», - дейді министрлік өкілдері. 

Соңғы жаңалықтар