Полиция Алматыдағы перзентханадан жас босанған әйелді ұстады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Полиция Алматыдағы перзентханадан жас босанған әйелді ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Павлодар облыстық ІІБ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Май ауданының 31 жастағы тұрғыны мен оның 33 жастағы күйеуі облыстық ІІД іздеуінде жүрген.

Полицияның айтуынша, ерлі-зайыптылар облыс орталығының тұрғындарын «пәтер алып беремін» деп алдап 46 млн теңгесін қолды қылған.

«2-3 айдың ішінде пәтер алып беремін деп азаматтарды алдап кеткен. Не ақшасын қайтара алмаған, не пәтер алмаған адамдар полицияға шағымданды. Күдіктілер Павлодар облысынан табылмаған соң іздеу жарияланды», - деді облыстық ІІД-нің баспасөз қызметінен.

Облыстық полиция қызметкерлері келіншекті Алматыдағы перзентханалардың бірінен тапқан. Жас босанған күдікті келіншекке бұлтартпау шарасы ретінде перзентханада қарулы күзет қойылды.

Ал келіншектің күйеуі келесі күні ұсталып, Алматыдағы ІІД-нің уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды.

Тергеу жалғасып жатыр.

Соңғы жаңалықтар