Полицейлер қызметтік баспананы зейнетке шыққанға дейін жекешелендіруі мүмкін

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда ішкі істер органдары қызметкерлеріне қызметтік баспананы зейнетке шыққанға дейін жекешелендіруге рұқсат етілмек. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында ішкі істер органдарының қызметін жетілдіру мәселелеріне қатысты заң жобасын талқылау барысында ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Ерлан Тұрғымбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінде полиция қызметкерлерінің еңбек өтілі мен жасы жасарды. Бұрындары ішкі істер органдарына 30 жасында келетін, кейін 20 жыл қызметінен кейін 50-ге толады. 50 жасында зейнетке шыққаннан соң ғана ол қызметтік баспананы жекешеленіруге құқылы болды. Бүгінде ішкі істер органдарына адамдар 22 жасында келеді және 20 жылдан кейін 42-ге толады. Енді пәтерді жекешелендіру үшін ол зейнетке шығуға мәжбүр, сондай-ақ осыдан кейін ғана қызметтік баспанада тұруға құқылы болады. Дегенмен де 42 жастағы қызметкер әлі де жұмыс істей алады. Подполковник шеніндегі осы қызметкерлер ішкі істер органдарына қажет екенін анық қой», - деді Тұрғымбаев.

Осы орайда ол қолданыстағы заңнама полиция қызметкерін зейнеткерлікке шығуға итермелейді.

«Енді біз заңнамаға өзгеріс енгіздік. Сәйкесінше, 20 жыл еңбек өтілінен кейін полицей қызметінде қала отырып, аталған қызметтік пәтерін жекешелендіре алады», - деді ол.

Жалпы отырыста палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ішкі істер органдарының қызметін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Соңғы жаңалықтар