Польшада қазақ боксшылары 4 алтын медальге қол жеткізді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Польшаның астанасы Варшава қаласында бокстан «Феликс Штам-2018» турнирі аяқталды. Қазақстандық боксшылар үшін турнир сәтті аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Sports.kz сайтына сілтеме жасап.

Отандық спортшылар аталған турнирде төрт бірдей алтын медаль иеленді. Нақтырақ айтқанда, 56 келіге дейінгі салмақта Ілияс Сүлейменов бірінші болып құрамаға алтын алып келсе, ең үлкен жүлдені екінші болып Бекдәулет Ибрагимов әкеліп берді. 64 келіге дейінгі салмақтағы Бекдаулет Ибрагимов поляк Дамиан Дуркачтан финалда басым түсті. Төрешілер ешбір күмәнсіз жеңісті біздің боксшыға берді.

69 келіге дейінгі салмақта шешуші сайыста қазақстандық боксшы Асыланбек Шымбергенов ресейлік Сергей Собылинскимен кездесті. Айқас төрешілердің бір ауыздан шешімімен Шымбергеновтың жеңісімен аяқталды. Бұған дейін қазақстандық чех боксшысы Зденек Хладек пен Германияның намысын қорғаған Магомед Щачидовты жарыс жолынан шығарған еді.

Ал төртінші алтынды аталмыш турнирде құрама үшін Антон Пинчук (91 келі) алып берді. Ол финалда Арсланбек Ачиловтың бетін қайтарды. Финалға шыққанымен Абай Төлеш (75 келі) пен Әділбек Ниязымбетов (81 келі) жоғарғы жүлдеге қол жеткізе алмай, күміс медальді қанағат тұтты. Ал құрамамыздың тағы бір боксшысы Айболды Дәуренұлы (+91 келі) турнирде қола медаль иеленді.

Соңғы жаңалықтар