«Pixar» мультфильмдерінің кейіпкерлері тағы да қазақша сөйледі

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Голливуд картиналарын қазақ тілінде сапалы дыбыстау жұмыстарының басты ұйымдастырушысы «Болашақ» қауымдастығы кішкентай көрермендерге тағы да тосынсый әзірледі. 23 қарашадан бастап, «Коконың құпиясы» мультфильмі қазақ тілінде көрсетіле бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Мультфильм дулбляжының режиссері Шах-Мұрат Ордабаев картинаны қазақ тілінде сөйлету өте қиын болғанын айтты.

«Коконың құпиясы» - менің режиссер ретіндегі үшінші жобам. Актер ретіндегі 11-ші рөлім, алғашқы анимациялық фильмім. Ол бұған дейінгі жобаларымның ішіндегі ең қиыны болды. Картинаның қиындығы - оның музыкалық тұстарында. Басты қаһармандар әнді ғажап орындаған, сондықтан бізге де олардан кем түспеу керек болды. Мультфильм арқылы халықтардың ұқсастығын байқадым. Фильмнің басты идеясы - ата-бабаңды ұмытпау, отбасын сүю. Сөзімді қорытындылай келе «Коконың құпиясын» отбасылық мейірімді фильм екенін айтқым келеді. Әсіресе, қазақ тіліндегі нұсқасын отбасымен бірге көруге кеңес беремін», - деді дубляж режиссері Шах-Мұрат Ордабаев.

Дубляжға барлығы 35 актер қатысқан. Басты рөлдегі кейіпкерлерді Ақарыс Әшімхан (Мигель), Олжас Жақыпбек (Эктор), Сайлау Қамиев және Нұркен Өтеуілов (Эрнесто Де Ла Круз) сынды актерлер дыбыстаған. Мәтінді аударған - Әсел Мамырова.

Жоба жетекшілері ең басты қиындық - 12 жастағы Мигель есімді басты кейіпкерді дыбыстау болған. Бұған дейін Мауглиді қазақша дыбыстаған Ақарыс Әшімхан байқауға түскен 25 баланың ішінен Мигелдің дауысын салуға лайық деп танылған.

«Дубляж барысында қиындықтар көп болды. Мексикалықтар өте эмоцияға бай халық. Сондықтан, Мигельдің көңіл-күйінің құбылғанын көрсету күрделі болды», - деді Мигельдің анасын дыбыстаған актриса Айнұр Бермұхамбетова. 

Соңғы жаңалықтар