Пхенчхан-2018: Олимпиадашылар қандай стадиондарда бақ сынайды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтетін ХХIII қысқы Олимпиада ойындарының басталуына тура 82 күн қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Онда әлемнің 90 елінен 2500-ден астам қатысушы бақ сынап, спорттың 15 түрінен 102 медаль жиынтығын сарапқа салады.

Осы орайда айта кетейік, Халықаралық олимпиада комитетінің бұл доданы Оңтүстік Кореяға сеніп тапсыруының басты себебінің бірі - спорттық нысандардың бір-біріне жақын орналасуы болған. Олимпиадашылар бір стадионнан екінші спорт алаңына жету үшін бар болғаны жарты сағат уақыт жұмсайтын көрінеді.

Олимпиадашылар болса, Альпенсия, Енпхен, Феникс-Парк тау-шаңғы курорттарындағы және Каннын қаласындағы қонақүйлерге жайғасады. Ал жарыстардың негізгі орталығы болып Альпенсия мен Каннын саналады.

Осы орайда, ХХIII қысқы Олимпиада ойындары қандай спорт кешендері мен алаңдарда өтетінін оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік. Еске салайық, бұған дейін Қазақстанның Қысқы Олимпиада тарихындағы жетістіктері туралы жазған болатынбыз. 

«Альпенсия» биатлон орталығы (Alpensia Biathlon Centre)

null

Биатлон орталығы Альпенсия тау-шаңғы курортының шекарасында орын тепкен. Орталық биатлоншылардың өзара мықтыны анықтайтын алаңына айналады.

Кешен 1998 жылы салынған. 2007 және 2015 жылдары қайта күрделі жөндеуден өткен. «Альпенсия» биатлон орталығында биатлоннан 2007/2008 және 2016/2017 жылдары Әлем кубогы өтсе, 2009 жылы әлем біріншілігінің жалауы желбіреген.

«Каннын Овал» (Gangneung Oval)
null

«Каннын Овал» - Каннын қаласындағы конькимен жүгіру спортына арналған жабық стадион. Мұнда Ақ Олимпиада барысында конькимен жүгіруден жарыстар өтеді. Стадионда стандартты 400 метрлік екі жолақ бар. 8 мың көрермен бір уақытта жарысты тамашалай алады. Кешен құны 36,8 млн долларға бағаланған. 

«Каннын Овалдың» құрылысы 2014 жылдың қазанында басталып, 2017 жылдың қаңтарында қолданысқа берілген. Тіпті араға ай салып конькимен жүгіруден әлем біріншілігі аясында жекелей қашықтықтар бойынша жарыстар да өткен.

«Альпенсия» шаңғы орталығы (Alpensia Cross-Country Centre)
null

«Альпенсия» шаңғы орталығы Альпенсия тау-шаңғы курортты аумағының шекарасында - осы тектес биатлон орталығының жанында орналасқан. Мұнда шаңғы жарыстары мен шаңғы қоссайысынан бақ сынайтын спортшылар сынға түседі. 

Спорт алаңының іргесі 1998 жылы қаланған. 2009 жылы қайта күрделі жөндеуден өтіп, 2017 жылы олимпиада алдындағы тексеріс жарыстары аясында тау шаңғысынан Әлем кубогы кезеңі өтті.

Каннын мұз айдыны (Gangneung Ice Arena)
null

Бұл стадионда мәнерлеп сырғанаудан және шорт-тректен сайыстар өтеді. Аренаның ресми ашылуы 2016 жылдың 14 желтоқсанында өткен. Құрылысына 85 млн доллар жұмсалған кешен, бір уақытта 12 мың көрерменді сыйдыра алады.

Олимпиада алдындағы тестілік жарыстар кезінде биыл мәнерлеп сырғанаудан Оңтүстік Корея чемпионаты, төрт құрлық біріншілігі және шорт-тректен Әлем кубогының кезеңі ұйымдастырылды.

«Альпенсия» шана-бобслей орталығы (Alpensia Sliding Centre)
null

«Альпенсия» шана-бобслей орталығы - бобслей, шана, скелетон трассасы кешені. Ол Пхенчхан уезіне қарасты Дэквалъмьён елді мекеніндегі Альпенсия курорты маңында орын тепкен.

Аталған орталықтың құрылысы 2013 жылдың желтоқсанында басталған. Осы жылдың соңында қолданысқа беріледі. Бұл кешен 7 мың көрерменге арналған. Құрылысқа жұмсалған шығын көлемі 122 млн долларға тең.

Ең ұзын трассаның қашықтығы - 2018 метр. Сөре сызығы 940 метр биіктікте орналасса, мәре сызығы 800 метр биіктікте.

«Альпенсия» тұғырдан секіру кешені (Alpensia Ski Jumping Centre)
null

Бұл кешенде шаңғымен тұғырдан секіруден, сондай-ақ сноубордың биг-эйр түрінен және шаңғы қоссайысынан жарыстар өтеді. Кешен 2008 жылы пайдалануға берілді. Алайда, 2015 жылдың сәуірінде қайта жөндеу жасалып, Олимпиада аясында халықаралық стандарттарға сәйкестендірілді. Сыйымдылығы - 13 мың 500 адам (11 000 отыратын орын және 2 500 тұрып тамашалайтын орын).

Кешенде К-98 және К-125 тұғырлары бар. Ал Ақ Олимпиададан соң нысан ұлттық жаттығу жасау орталығы ретінде қолданылатын болады.

Каннын хоккей орталығы (Gangneung Hockey Centre)
null

Каннын қаласында орналасқан мұз айдыны хоккейден жарыстар өтетін негізгі арена. Шанадағы хоккей сайыстары да осында ұйымдастырылады.

Аренаның құрылысы 2014 жылдың наурызында басталып, 2017 жылдың наурызында ресми түрде пайдалануға берілді. Ел билігі ғимарат құрылысына 90 млн доллар жұмсаған. Сыйымдылығы - 10 мың адам.

2017 жылы бұл орталық «А» тобының екінші дивизонында әйелдер мен жасөспірімдер арасында әлем чемпионатын қабылдап үлгерді.  

Квандон университетінің спорттық аренасы (Kwandong University Gymnasium)
null

Бұл кешен Квандон университетінің жанында орналасқан. 2018 жылғы Олимпиада кезінде бұл нысанда Каннын хоккей орталығымен қатар хоккей жарыстары ұйымдастырылады.

2014 жылы негізі қаланған кешен 2017 жылдың ақпанында келушілерге есігін айқара ашты. Сыйымдылығы - 6 мың көрермен. 

2017 жылы Квандон университеті аренасы тестілік жарыстар аясында «А» тобының екінші дивизонында әйелдер мен жасөспірімдер арасында әлем чемпионатын қабылдады. 

Каннын керлин орталығы (Gangneung Curling Centre)
null

Бұл кешен 2018 жылғы қысқы Олимпиада ойындары барысында жабық мұз айдынына айналып, керлинг жарыстарын қабылайды. Арена Каннын шаһарындағы жағалауда бой көтерген.

Бұл орталықта 1999 жылы қысқы Азия ойындары кезінде де сайыстар, мәнерлеп сырғанаудан халықаралық турнирлер (2005, 2011), шорт-трек (2007) пен керлингтен әлем чемпионаттары (2009) өткен.

1998 жылы құрылысы аяқталған нысан 3,5 мың көрерменге арналған.

Бокванг экстрим-саябағы (Bokwang Phoenix Park)
null

Бұл Олимпиада кешені екі бөлікке бөлінген. Бірінде фристайлдан, екіншісінде сноубордтан жарыстар өткізіледі.

«Фристайл орталық» 4 мың адамға лайықталса, сноуборд жарыстарын 6 250 адам тамашалай алады.

Енпхен тау-шаңғы орталығы (Yongpyong Alpine Centre)
null

Енпхен тау-шаңғы базасы Оңтүстік Кореяның қары ең көп жеріне салынған. Әлемнің талай белді спортшысы бақ сынаған бұл орынды жергілікті тұрғындар елдің Меккесі санайды.  

Мұнда үкіметтік деңгейдегі көптеген іс-шара, атап айтсақ, 42 ел қатысуымен слалом, биатлон, спринт, сноуборд жарыстары ұйымдастырылған. Сонымен қатар Корея Республикасының Мәдениет, спорт және туризм министрлігінің ұйымдастыруымен қысқы спорт түрлері бойынша ұлттық фестивальдар өткізілген.

Тау-шаңғысы базасының құрылысына шетелдік инвесторлардың 84 млн доллар қаржысы құйылса, Олимпиада қарсаңында тағы 50 млн доллар жұмсалды.

Сыйымдылығы 18 мың адамды құрайтын кешенде тау-шаңғысынан турнирлер өтеді.

Чонсон тау-шаңғы кешені (Jeongseon Alpine Centre)
null

Чонсон Олимпиада ойындары кезінде екінші тау-шаңғы орталығы болып табылады. Бұл курортты қалашық Пукпхенмен аумағында орналасқан.

2018 жылғы Ақ Олимпиада аясында мұнда жылдам сырғанау, супер-гигант және тау-шаңғы комбинациясынан жарыстар ұйымдастарылады. Оған 18 мың адам сияды.

Ерлер арасында жылдам сырғанау 1433 метрлік биіктікте басталып, ұзақтығы 3,5 шақырымға жалғасады. Әйелдер арасындағы сын 1380 метрден басталып, қашықтығы 2,5 шақырымға жетеді. Мәре сызығы 540 метр биіктікте орналасқан.

Дегенмен, экологияны қорғау бойынша кейбір ұйымдар Чонсонда жарыстар өткізуге қарсы шығуда. Себебі, мұндағы орман алқаптары қорық ретінде қорғауға алынған.

Пхенчхан олимпиада стадионы (Pyeongchang Olympic Stadium)
null

Мұнда Олимпиада ойындары кезінде екі ауқымды іс-шара ұйымдастырылады. Оның бірі Қысқы ойындардың ашылуы болса, екіншісі жабылу салтанаттары. Сонымен қатар мұнда Паралимпиада ойындары өтеді деп жоспарланған.

Уақытша жасалған стадион Альпенсиядан екі шақырым жерде орналасқан.

Бұл стадионға 35 мың көрермен сияды. Сондай-ақ мұнда жүлдегерлерді марапаттау рәсімі өтеді.

Соңғы жаңалықтар