Петропавлдағы 19 көп қабатты үйдің құбыры қатып қалды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавлда қатты аяз салдарынан 19 көп қабатты үйдің құбыры қатып қалды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Төтенше жағдайды жою үшін «Қызылжар су» ЖШС-ның барлық бригадалары мен техникасы жұмылдырылған. Жылыту бойынша жұмыстар жалғасып жатыр. «Қызылжар су» бригадалары су тасымалын ұйымдастырды. Олар бүгіннен қалдырмай жағдайды реттеуге уәде беріп отыр.

Мамандар бұған қардың жұқа болғаны және жердің үш метрден астам тереңдікке шейін қатуы себеп болғанын айтады. Құбырлар негізінен түнде, су жүру тоқтағанда қатады.

Кеше Петропавлдағы 11 көп қабатты үй мен жеке сектор үйлерінде құбырлар қатып қалған еді. Оларды жылытып, ауыз су беру қалпына келтірілді.

Петропавл әкімдігінің баспасөз қызметі әлеуметтік желіде осы мәселеде қала тұрғындары жүгінуіне болатын телефон нөмірлерін таратты.

Солтүстік Қазақстан облысында бірнеше күннен бері аяз күшейді. Мектептерде сабақтар тоқтатылған. Жол-патруль қызметтері күшейтілген режімдегі жұмысқа көшкен. Облыстық ТЖД қысқы төтенше жағдайлардың салдарын жою үшін жедел штаб құрды.

Соңғы жаңалықтар