Петропавлда 38 жастағы әйел вокзалға жарылғыш зат «қойды»

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Петропавлда жалған хабарламаның салдарынан Теміржол вокзалынан 250 адамды қауіпсіз жерге шығаруға тура келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі СҚО ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«22 сәуір күні «102» нөміріне Теміржол вокзалында жарылғыш заттың қойылғаны туралы хабарлама келіп түскен. Айтылған орынға СҚО ІІД, Петропавл қаласының ІІБ қызметкерлері, ҰҚК өкілдері, қалалық прокуратура қызметкерлері мен ТЖД, жедел жәрдем қызметтері келіп жетті. Күш құрылымдарының қызметкерлері вокзалды қоршап, 250 адамды қауіпсіз жерге көшірді», - делінген хабарламада.

Құзырлы ведомствоның хабарлауынша, жүргізілген тексеру жұмыстары вокзалда ешқандай жарылғыштың, күдікті заттың да жоғын анықтаған.

«Полиция қызметкерлері аталған оқиғаға байланысты жалған хабарлама берген Петропавл қаласының тұрғыны - 1980 жылғы әйелді ұстады. Қазіргі уақытта күдіктіге ҚР ҚК-нің 273-бабы бойынша (Терроризм актісі туралы қасақана жалған хабарлама тарату) айып тағылуда», - деп хабарлайды СҚО ІІД баспасөз қызметінен.

Еске сала кетсек, бұл соңғы уақытта Петропавл қаласында тіркелген бірінші жағдай емес. Өткен аптаның дүйсенбісінде ғана қаладағы сауда дүкендерінің бірінде жарылғыш заттың барын айтып, жалған хабарлама таратқан тағы бір әйел ұсталған болатын.

 

Соңғы жаңалықтар