Перуашев: Кейбір зауыттар үшін жаңғыртудың бір ғана жолы бар - ол жабылу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа арнаған Жолдауында берген тапсырмаларына қолдау білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Әсіресе ол қазақстандық кәсіпорындарды жаңғырту және технологиялық тұрғыда даму мәселесіне тоқталды.

Оның сөзінше, басты мәселе - зауыттардың технологиялық мүмкіндіктері мен өндірістік деңгейін ешкім қадағалап отырмағандығында. Олар қандай халықаралық стандарттарға сай жұмыс жасап жатқандығын да ешкім білмейді.

«Әр өңірде мемлекеттің қыруар бюджеттік ақшасына салынған, әдемі ленталармен, салтанатты жағдайда ашылған өндірістер бар. Олардың кейбірі өндірістік қуаттарына шығып отырды да, кейін көп ұзамай жабылып жатты. Бұрын қолданыста болған ескі технологияларды шетелдік зауыттардан көшіріп, зауытты таныстырған кездер де болды. Олардың мақсаты жаңа өндіріс ошағын ашу емес, ақшаны жымқыру болған сияқты. Бұл істері үшін кейбірі істі болып кетті. Егер құрал-жабдықтар, технологиялар ескі болса, басқа өндірістер ашқан дұрыс. ГДР мен ФРГ қосылған кезде, зауыттарды қайта жаңғыртуға уақыт шығындамау үшін, зауытты түбегейлі жойып, орнына жаңа өндірістер ашқан болатын. Бізде де жабуға жататын сондай кәсіпорындар бар», - дейді депутат Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

«Сондықтан қолда бар кәсіпорындарды жаңғыртып қана қоймай, индустрияландыру аясында жаңа жобаларға деген көзқарасты өзгерту керек. Мемлекеттік қолдауға ие жобаларды технологиялық стандарттарға және әлемдік үрдістерге жауап беретін техникалық регламенттерге бағалап отыру керек», - деп атап өтті ол.

Соңғы жаңалықтар