Павлодарлықтар Мәншүк Мәметованың 95 жылдығына орай ресейлік Невель қаласына барды

None
None
 ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Ресейдің көне Невель қаласында Кеңес Одағының Батыры атанған тұңғыш қазақ қызы Мәншүк Мәметованың 95 жылдығына арналған шара өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Мерейтойды тойлауға Павлодар облысының делегациясы да барды. С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің аға оқытушысы Аслан Әзербаевтың айтуынша, университеттің Қазақстан тарихы кафедрасының студенттері 2009 жылдан бері «Естелік вахтасына» белсене қатысып келеді. «Қазақстандық жауынгерлер жан пида ете қорғаған Невель қаласын өз көзіммен көруді армандаушы едім. Мұнда құрамында Мәншүк Мәметова, Ибрайым Сүлейменов, Әбілқайыр Баймолдин сынды қазақтың қаһарман батырлары болған жүзінші қазақ атқыштар бригадасын зор құрметпен еске алады», - дейді ол.

1943 жылы Мәншүк Мәметованың батальонына жаудың қарсы шабуылын тойтаруға бұйрық беріледі. Табан тірескен айқаста жас пулеметші ауыр жараланғанына қарамастан, жауға берілмей, оқты қарша боратты. Жаудың 70-тен астам әскерін жер жастандырған Мәншүк дұшпан әскерінің шабуылын тойтаруға орасан үлес қосты.

«Гвоздик» іздеу жасағы командирінің орынбасары Иван Малахов Невельдегі мерейтойлық кездесу жайында әңгімелей келе: «Біздің батырларымыз ортақ, Невель үшін қазақтар өзгелерден ерекше жақын. Олар бұл қаланы қорғап, азат етуге көмектесті, біз мәңгілік бауырластармыз», - деді.

 

Соңғы жаңалықтар