Павлодарлықтар Елбасы Жолдауын талқылады

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодарда «Қоғамдық келісім» сарайында облыс активі ҚР Президентінің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» тақырыбындағы Жолдауын талқылады, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Шара барысында сөз алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Ұлан Жазылбек Нұрсұлтан Назарбаевтың айқындап берген 10 негізгі бағытын ел экономикасының дамуына жасалған нақты жоспар екендігін атап өтті.

«Бүгінгі күнге дейін Қазақстанның жетістігі үшін көптеген қадамдар жасалды. Елімізге дамудың жаңа сапасы керектігін бәріміз жақсы түсінеміз. Бұл Жолдау - төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында біздің одан әрі жасайтын іс-қимылдарымызды белгілейді. Біз, Павлодар облысының еңбекқор, жасампаз халқы, ел азаматтары Нұрсұлтан Назарбаевтың Тәуелсіздік мерейін үстем ететін кемел бастамаларын әрдайым қолдаймыз. Қазақта «жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді, сондықтан еліміздің ертеңі баянды, дамыған 30 мемлекетпен терезесі тең болу үшін әрбіріміздің қажырлы қайратымыз керек», - деді Ұлан Жазылбек.

Жолдауды талқылау барысында бірқатар мемлекеттік мекемелердің, кәсіпорындар мен білім ошақтарының басшылары өз ойларын ортаға салды.

«Әлеуметтік желінің желісімен желдей ескен ақпаратты ести сала барша отандастар секілді Елбасы Жолдауын мұқият оқып шықтым, - дейді Павлодар мемлекеттік педагогикалық университеті жастар саясаты департаментінің басшысы Еркебұлан Күнтуған. - Жаңа заманның жаңа технологиялары мен инновацияларын қабылдай отыра, ұлттық құндылығымызды, салт-санамызды жоғалтпаудың басты құжаты - «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру».

Биылғы Президенттің Жолдауында цифрлық Қазақстан бағдарламасына мән берілген. Біз, жастар бұған толықтай дайынбыз. Қуат Есенов, Мадияр Айтпаев, Ержан Өткелбаев сынды дарынды жастар, ІТ-мамандар қазіргі таңда Google, Apple сияқты танымал компанияларда жұмыс жасап жүр. Бұл - қазақстандық жастардың әлемдік сұранысқа ие екендігінің айғағы. «Боламын деген баланың бетін қақпай, белін бу» дегендей, жаңа Жолдау бізге жаңа мүмкіндіктерді ұсынуда.

Айта кетейін, дәл бүгін, 15-қаңтар Павлодар облысының туған күні, бүгін біздің облысқа 80 жыл толып отыр. Барлық жерлестерімді мерейлі мерекемен құттықтаймын!». 

Соңғы жаңалықтар