Павлодарлық полицейлер мастарды үйлеріне дейін жеткізіп салады

None
None
АСТАНА. қазАқпарат - Павлодарда Ішкі істер департаментінің қызметкерлері мас адамдарды кейде үйлеріне дейін жеткізіп тастайды. 

Бұл туралы халық алдында бірінші жарты жылдық бойынша есеп беру кездесуінде облыстық ІІД бастығы, полиция генерал-майоры Марат Қожаев айтты, деп хабарлайды pavlodarnews.kz .

«Майқайың ауылында 10 мыңнан астам адам тұрады. Біздің өңірде Қазақстанның бірнеше ірі кәсіпорындары орналасқан. Ауылда басқа аймақтардың 900-дей тұрғыны бар. Әр кеш сайын ауыл көшелерінде мас адамдар көп жүреді. Айықтырғыш жоқ, ең жақын деген медициналық айықтырғыш Екібастұз қаласында ғана. Аудан ортылығында айықтырғыш жоқ. Бұл мәселені қалай шешуге болады?», - деді Баянауыл ауданы Майқайың ауылының тұрғыны.

 Өз кезегінде Марат Қожаев алкогольге әуестік барлық өңірлердің проблемасы екендігін тілге тиек етті. - Біздің халық демалыс пен алкогольді қатар алып жүреді, - деді полиция генерал-майоры. - Біздің өңірде Денсаулық сақтау министрлігіне қарайтын үш уақытша бейімделу орталығы бар, олар Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалаларында. Жыл сайын әкімнің қолдауымен Баянауылда жазғы уақытша айықтырғыштарды ашамыз. Маған күн сайын 21 бөлімшеден есеп беріп, барлық айықтырғыштардың толып тұрғанын айтады. Кейде, біздің қызметкерлер мас адамдарды үйлеріне дейін жеткізіп тастайды. Немесе, келісімге келіп, мастарды үш сағаттан артық ұстамай үйлеріне жіберіп, олардың орнына басқаларын кіргіземіз. Бұдан соң ІІД бастығы Майқайың ауылының аға учаскелік инспекторына ауылдағы жағдайды қалыпқа келтіруді тапсырды.  

 Облыстық ІІД ұсынған ақпаратқа сүйенсек, өңірде алкогольді ішімдік салдарынан орын алатын оқыс жағдайлар 7,2%-ға азайғанымен, өлтіру фактісі 19-ға жетті, денсаулыққа ауыр жарақат келтіру - 62, зорлау - 20, тонау - 9, қарақшылық - 39, ұрлық - 153, көлік ұрлау - 15, алаяқтық - 7, бұзақылық - 9 жағдайға жеткен. Уақытша бейімделу орталықтарына 16497 адам кірсе, 1971 адам әкімшілік құқықбұзушылық бойынша қамауға алынған. 

Фото: lada.kz

Соңғы жаңалықтар