Павлодардың жасымығы Түркияға эскпортталмақ

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Мұндай ұсынысты облыс әкімі Болат Бақауов Түркияның өнеркәсіп және кәсіпкер-әйелдер конфедерациясының президенті Незакет Эмине Атасоймен кездесуде айтты, деп хабарлайды pavlodarnews.kz .

Тараптар облыстық кәсіпкерлер палатасында кездесті. Аймақ басшысы мәртебелі мейманмен сұхбат барысында Павлодар облысы мен Түркия мемлекеті арасындағы тауар айналымы 64 млн долларға жеткенін тілге тиек етті. Оның ішінде алюминий экспорты 61 млн долларға болған.

Сондай-ақ, ол Ертіс өңірі түркиялық тараппен іскерлік қарым-қатынасқа мүдделі екендігін айтып, өнеркәсіпте, туризмде, медицина мен ауыл шаруашылығы саласында әріптестік орнатуға ұсыныс білдірді.

«Түркияға көп мөлшерде жасымық эспортталады, - деді Болат Бақауов. - Біздегі ақпарат бойынша тек Канаданың өзі жыл сайын 80 мың тонна жеткізіп отыр. Сапа жағынан біздің жасымық канадалық дақылдан кем түспейді, павлодарлық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері бұл бағытта бәсекелестікке түсе алады. Біз Түркия еліне бұл дәнді дақылды жеткізуге әзірміз».

Бұдан бөлек, облыс әкімі мәртебелі меймандарға Павлодарда бес жұлдызды қонақ үй кешенін салуға инвестиция салуды ұсынды. Аймақ басшысының сөзіне қарағанда, жергілікті билік жуырда салынатын «Достық» ықшам ауданынан жер телімін шұғыл түрде бөліп беруге әзір. Түркиялық қонақтар барлық ұсыныстарды қарауға уәде берді. «Кезінде араб елдері, Еуропа және Африка мемлекеттерімен көптеген іскерлік келісімдер жасастық, - деді бизнес-ханым Незакет Эмине Атасой. - Енді Орталық Азия елдерімен байланысты дамытқымыз келеді. Қазақстан негізгі әріптесіміз болатындығына сенімдімін. Біз өнеркәсіптің барлық секторында, құрлыс, туризім саласында бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз. Ал, павлодарлық жасымыққа келер болсақ, бұл өте маңызды ұсыныс. Түркияға бара сала бұл жобаға мықтап кірісеміз. Сондай-ақ, Павлодардан Түркияға жеткізілетін қалайы көлемін арттыруға қолдау көрсетеміз».

Кездесу соңында Незакет Эмине Атасой іскерлік қарым-қатынасты одан әрі дамытудың жай-жапсарын талқылауға шақырды. 

Соңғы жаңалықтар