Павлодардағы кентті су басты

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодардың солтүстік бөлігінде орналасқан Жаңаауыл кентінің тұрғындары еріген қар суы басқандықтан, көшеге шыға алмай отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жаңаауылдағы қарды тасып шығаруға қаражат бөлінбеген, есесіне еріген қар суын тартып шығаруға қаржы бар. Қазір кентте суды тартып шығарумен «Гарант Строй Групп» ЖШС мердігер ұйымы айналысып жатыр», - деп мәлімдеді Павлодар әкімдігінің баспасөз қызметі.

Әкімдік баспасөз қызметі өкілдерінің айтуынша, мердігер ұйымның жалғыз техникасы кенттегі суды бір апта бойы тартып шығаруы тиіс, бірақ бұл мерзім созылуы да мүмкін. Өйткені ұйымның қалған тоғыз машинасы Павлодардағы суды ағызумен әлек.

Кенттегі жағдай туралы оның тұрғындары айтып жатыр. «Жылда осылай қайталанады. Бірақ ТКШ сонда да көшедегі қарды дер кезінде тасып шығармайды. Бұл әлі бастамасы, қардың ери бастағанына екі күн ғана болды. Ал біз осының өзінде жұмысқа да, мектепке де, балабақшаға да бара алмай отырмыз», - дейді тұрғындардың бірі Татьяна Сүлейменова өзі түсірген видеода.

Соңғы жаңалықтар