Павлодарда жәбірленушілерге «самсунгтың сыйлығын» уәде еткен алаяқ ұсталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодарда полиция қызметкерлері ұялы телефон арқылы алаяқтық жасаған 33 жастағы ер адамды ұстады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі Павлодар облысының ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның хабарлауынша, алаяқтың жәбірленушілерді алдау схемасы бірдей болған. Нақтырақ айтқанда, облыс тұрғындарының ұялы телефондарына «Самсунг» компаниясының арнайы сыйлығына ие болғаны туралы СМС-хабарламалар келіп түскен. Одан кейін «Захаров  Алексей Николаевич» деп өзін таныстырған ер адам СМС-хабарлама түскен кісілерге қоңырау шалып, қымбат теледидар ұтып алғаны туралы «ертегі» айтып берген. Бірақ, сыйлыққа ие болу үшін ол өзінің нөміріне міндетті түрде 2000 теңге салуды сұрайды. Сонымен бірге, осы жолмен алаяқ жәбірленушілерге тағы бірнеше нөмірге ақша салдырған.

Мұндай сүйінші жаңалықты естіген адамдар электронды жүйе арқылы әлгі адамға 25 500 теңге салып беріп, тақырға отырғанын өздері де сезбей қалса керек. Әлбетте, «сыйлықтан» құр алақан қалған жәбірленушілер полицияға жүгініпті.

Ведомствоның хабарлауынша, көп ұзамай күдікті қолға түскен. Қазіргі уақытта ұсталған алаяққа қатысты ҚР Қылмыстық кодескінің 190-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

«Құқық қорғаушылар өңір тұрғындарына мұндай алаяқтықтан сақ болуға шақырады. Әр түрлі алаяқтардың жемі болмас үшін бейтаныс адамдар қоңырау шалғанда абай болған абзал. «Сіз ұттыңыз» деп, ақша сұрайтындар алаяқтар екенін есте сақтаңыздар», - деп ескертеді ІІД-нің баспасөз қызметі.

Соңғы жаңалықтар