Павлодарда трамвай қағып кеткен қыздардың анасы өтемақы сұрады

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодарда қыркүйек айында трамвай қағып кеткен оқушы қыздардың анасы Шынар Уалитованың адвокаты сот арқылы трамвай жүргізушісінен бір жарым миллион теңге өтемақы сұраған, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Павлодардың №2 сотында адвокат Ш. Уалитованың өтінішін оқып берді: «Бір жарым миллион теңге көлемінде моральдық залалды өндіріп беруіңізді сұраймын», - делінген хатта.

Пекничтің адвокаты істің құжатына трамвай басқармасының зардап шегушілерге 2 млн теңге, кейін компания қызметкерлері өз еріктерімен 350 мың теңге аударғанын тіркеуді сұрады.

Зардап шегуші тарап бұл өтінішке қарсылық танытқан. Шынар Уалитова трамвай басқармасының оқушы қыздардың анасына қаржыны өз бастамасымен аударғанын алға тартып, бұл талапты тікелей жеке тұлға ретінде трамвай жүргізушісіне бағытталғанын мәлімдеді.

7 қыркүйек күні апалы-сіңлілі мектеп оқушыларын қағып кеткен 30 жастағы Наталья Пекничтің ісіне қатысты бірінші сот талқылауы  21 қарашада өтті. Оған ҚР ҚК 345-бабы 3-бөлімі бойынша айып тағылуда.

Істі Думан Серікбаев жүргізіп жатыр. Шынар Уалитованың өзі сот отырысына келмеді. Сот келесі отырысты 7 желтоқсанға белгіледі.

Еске салайық, 2017 жылдың қыркүйегінде 2007 және 2009 жылғы апалы-сіңлілі екі қызды трамвай  қағып кеткен болатын. Үлкені көз жұмып, кішісі ауруханаға  жеткізілген. Трамвай жүргізушісі  1987 жылы туған. Еңбек өтілі - 5 жыл. 

Соңғы жаңалықтар