Павлодарда телефон арқылы алаяқтық жасаудың жаңа түрі пайда болды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодар қаласының тәртіп сақшылары қонақ үйлердің бірінің әкімшілік телефонына хабарласып, өзін «Дмитрий Васильевичпін» деп таныстырған белгісіз адамға іздеу жариялады. Алаяқ телефон арқылы қонақ үйдің аспазын тақырға отырғызып кеткен, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Павлодар облысының ІІД баспасөз қызметі телефон арқылы алаяқтық жасаудың жаңа түрі пайда болғанын хабарлайды. Ведомствоның ресми мәліметіне сүйенсек, Павлодарда қонақ үйлердің бірінің әкімшілік телефонына хабарласып, өзін «Дмитрий Васильевичпін» деп таныстырған адам екі нөмірді брондайтынын айтқан. Сөйлесу кезінде ол өзі тапсырыс берген нөмірлерге екі бөтелке француз коньягін, шампан, жеміс пен қымбат конфеттерді қалдыруын өтінген.

«Тапсырысты орындау үшін 100 000 теңге көлеміндегі ақшамен қонақ үйдің аспазы супермаркетке жіберілген. Дүкенде қымбат сусындар болмай қалып, бұл жайында «Дмитрий Васильевичке» ұялы телефон арқылы хабарланады. Ол осы мәселенің ресторан әкімшілігімен шешілгенін айтып, қаржыны (аспазға - авт.) «Киви кошелек» терминалы арқылы жолдауды сұрайды. Қаржы жолданғаннан кейін абоненттік нөмір сөндірілген. Осы орайда белгісіз тұлға 100 000 теңге көлеміндегі қаржыны иеленіп, жәбірленушілерге полицияға арыз беруге тура келді», - делінген хабарламада.

Аталған жағдай бойынша алаяқтық бабымен тергеу жұмыстары басталған. Қылмыс жасауға қатысы бар тұлғаларды анықтау мен ұстауға бағытталған тергеу және іздеу іс-шаралары жүргізілуде. Полиция тұрғындарды алаяқтардың тұзағына ілінбеуге және абай болуға шақырады.

Соңғы жаңалықтар