Павлодарда Орталық Азиядағы ең ірі көпір өткелі алғашқы сыннан өтті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодарда Ертіс өзені арқылы өтетін Орталық Азиядағы ең ірі көпір өткелі алғашқы сыннан өтті. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Павлодар облысындағы филиал басшысының орынбасары Амантай Қасымханов мәлім етті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

«2 желтоқсан күні көпір өткелі қаншалық жүкті көтере алатындығы тексерілді», - деді Амантай Қасымханов. «Бұл үшін көпірдің бойымен жүзден аса датчик орналастырылған. Олар барлық ақпаратты көпір өткеліне кіреберісте тұрған бекетте орталықтандырылған компьютерге жібереді. Шамамен көпір салмағы 170 тоннаға дейін жететін автокөлікті өткізе алады. Көпірдің қиысқан жерлері мен арқалықтары тексерілді. Жалпы, көпір өткелі сыннан ойдағыдай өтті. Мердігерлер бес жылға кепілдік береді. Тәулігіне көпір өткелі арқылы 10 мыңға дейін автокөлік қатынайды деп жоспарланған».

Амантай Қасымхановтың айтуынша, 12,3 шақырымға созылған көпір өткелінде видеобақылау құрылғылары орнатылған. Ал, көпір арқылы өту үшін жол ақысы алынатыны туралы ақпаратты ол жоққа шығарды. Естеріңізге сала кетсек, құрылысы 2013 жылдың тамызында басталған көптен күткен көпір өткелінің салтанатты ашылуы 14 желтоқсанға белгіленген. 

Соңғы жаңалықтар