Павлодарда мүгедек балаларды оңалту орталығының шатырынан су ағып тұр

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - «Самал» оңалту орталығы» мүгедектер қоғамдық бірлестігі ғимарат шатырын жөндеуге қаржы іздеп жатыр. Көктемгі жаңбыр маусымында орталықтың төбесінен су ағып тұр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА.

«Балалар мұндай жерде болмауы керек. Қалай дегенмен төбеден аққан су ауаны ылғалдандырып жібереді, - дейді мұндағы тәрбиеленушілердің бірінің анасы Жанар Жанақова. - Балалардың онсыз да иммунитеті төмен, жиі ауырады».

«Самал» орталығының басшылығы бұған дейін түрлі мекемелерге хат жазып көрген, алайда онысынан еш нәтиже шықпапты. Билік өкілдері ұйым ғимаратты өзі жөндеуі керек деген жауап жолдаған. Себебі бұл орталыққа мемлекеттік тапсырыс бергендегі басты талап сондай болған көрінеді.

Бүгінде мұнда ментальдық ауытқуы бар  110 бала тәрбиеленеді. Олар дәл балабақшадағыдай тәлім алады, мұндағы ерекшелік - балаларға қосымша медициналық қызметтер көрсетілетіндігінде.

Әкімдік орталыққа сенімгерлік басқару арқылы бұрынғы балабақша ғимаратын берген және жыл сайын әлеуметтік тапсырып беріп тұрады. Директор Зинаида Багненконың айтуынша, бұл қаржы балаларды күтіп-бағуға, сондай-ақ олардың дәрі дәрмегіне жұмсалады. Ал жөндеу жұмыстарына жетпейтін көрінеді. Себебі шатырды жөндеуге шамамен 11 млн теңге қажет екен.

Әкімдік бұл мәселені шешуге демеуші тартуға болатынын алға тартады. Алайда әзірге қол ұшын беретін ешкім табыла қоймаған. 

Соңғы жаңалықтар