Павлодарда масаларды улаумен ұшақтар айналысады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодар қаласының жағалауы мен 43 саябақта шыбын-шіркейге қарсы күресті мердігерлер жүргізеді. Өңдеу жұмыстары әуеден де жүзеге асырылады, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Мердігерлердің қатысуымен өткен жұмыс отырысында өңделетін аумақтың алаңы  7 215 гектарды құрайтыны анықталды. Оған Мойылды кентіндегі 25 гектар жер қосылады.  Қол жетпейтін орындар мен су айдындарына әуеден өңдеу жасалады.

«Биік қамыстар  өсіп кеткен, қолайсыз жағдай тудыратын  орындар  бар», - деді «Ұлттық сараптама орталығы» директорының орынбасары Жұмангелді Оспанов.  «Каустик» АҚ-ның аумағында үлкен су айындары мен «Қазақстан Алюминийі» АҚ-да  өндірістік су жиналып қалған учаскелер кездеседі. Осы жерлерде дезинфекция жүргізу қиынға соғады. Былтыр сол аумақта қансорғыштар көп болған.  Аталған кәсіпорындардың өкілдері әкімдіктен хат жолдауды өтінді. Соның нәтижесінде мониторинг жасайтын топ зерттеу жүргізілетін жерлерге еш кедергісіз кіре алады.    «Дезус» ЖШС-нің директоры Аманжол Уляевтың айтуынша,  масалар мен шіркейлерді улау жұмыстары 23 сәуірде басталады. Ол үшін тиісті ауа райы жағдайы қолайлы болуы тиіс әрі ғалымдардың ұйғарымы керек.

  Еске сала кетейік, облыста  аумақты қансорғыштардан өңдеуге 602,3 миллион теңге бөлінген. Бұл қаржыға масалар мен шіркейлердің дернәсілдеріне қарсы 199 484 биологиялық препарат,  Ертіс өзені мен 19 950 гектарды әуеден өңдеуге, Павлодар мен Ақсуда 4800  гектарды өңдеуге 4 480 литр химиялық препарат сатып алынады.   

Соңғы жаңалықтар