Павлодарда қарт зейнеткерді әккі алаяқтар телефон арқылы алдап кетті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодар облысында 83 жастағы зейнеткер әйелге «ұлының жол-көлік оқиғасына тап болғаны» туралы жалған әңгіме айтып, оны алдап кеткен алаяқтарға іздеу жарияланды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі Павлодар облысының ІІД-нің ВКонтакте желісіндегі мәліметке сілтеме жасап.

Зейнеткерге бөтен біреу хабарласып, ұлының көлікпен біреуді қағып кеткені туралы жалған ақпарат берген. Бұған қоса алаяқ дауысын бірден құбылтып «Анашым, осындай жағдайға тап болдым, тергеушімен сөйлесші» деп әжені алдап соққан. Одан кейін алаяқ әженің ұлын бостандыққа шығару үшін 100 мың теңге талап еткен.

«Алаяқ ақшаны балконнан лақтыруды бұйырған. Осы кезде әже тіпті ұлына бір рет қана қоңырау шалып, оқиғаның мән-жайын анықтауды ойламай қалса керек. Ұлы үшін қорқып, алаяқтың айтқанын орындаған», - делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта аталған оқиға бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабы (алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталып, қылмыскерге іздеу жарияланды.

«Егде жастағы адамдар алаяқтардың мұндай қақпанына жиі түсіп қалып жатады. Бөтен біреу қоңырау шалып, осындай әңгіме айтса бірден тұтқаны қоя салған абзал. Мұндай адамдар хабарласса, бірден полиция қызметкерлеріне хабар беру керек», - деп ескертеді облыстық ІІД.


Иллюстрациялық фото

Соңғы жаңалықтар