Павлодарда дәмхана меймандарын ұрып-соққан полицейлерге қатысты тергеу басталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодар қаласындағы полиция қызметкерлерінің кафеге келушілерін ұрып-соғуына қатысты арнайы тергеу басталды. Бұл туралы жедел брифинг өткізген қала прокуроры Ержан Бөлегенов мәлім етті, деп хабарлайды 24.kz .

Атышулы бейнеролик YouTube әлеуметтік желісінде жарияланды. Видеода полиция қызметкерінің формасындағы адамның жас жігіттерді ұрып жатқанын көруге болады.

Тергеуді Павлодар қалалық прокуратурасы бақылайды. Тәртіп сақшыларының азаматтық тұлғаларға қатысты заңсыз әрекеті облыс орталығындағы «Арай» дәмханасының маңында болған.

Жалпы іс бойынша төрт полицей тергеліп, түсінік беріп жатыр. Айта кетейік, қазіргі уақытта зардап шеккен екі азамат анықталды. Олардың денсаулығы жақсы. Бұл дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 362-бабының 4-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. 

«Бұл ролик қоғамда ғана емес, құқық қорғау органдарында дау тудырды. Полицей қызметтік бабын асыра пайдаланған. Осыған байланысты облыс прокурорының тапсырмасымен дерекке қатысты тергеу барысы біздің бақылауымызға алынды. Патрульдік қызмет өкілдерінің бірі уақытша қамау изоляторына тоғытылды. Оған ҚР Қылмыстық кодексінің 362-бабы 4-тармағы бойынша айып тағылды», - деді қала прокуроры Ержан Бөлегенов.

Соңғы жаңалықтар