Павлодар облысының тұрғыны ЭКСПО-ға велосипедпен барып келді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қашыр ауданы Трофимовка ауылының тұрғыны Берік Әбдірахман Астанада өтіп жатқан «ЭКСПО-2017» көрмесіне велосипедпен барып келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.

39 жастағы ауыл тұрғыны 26 шілде күні елордаға аттанып, 8 тамызда Павлодарға қайта оралған. 1013 шақырымды велосипедпен бағындырған ол, 13 күннің төрт тәулігін жолға жұмсаған. Қайтар жолда ғана жұмысына үлгеру мақсатында Астанадан Павлодарға қатынайтын пойызға отырған.

Ұстаздың айтуынша, сапарға шықпас бұрын 1984 жылы жасалған «Урал» маркалы велосипедін ауыстырмақ болған. Дегенмен, соңғы сәтте ұзақ жылдар бойы сыр бермеген көлігін алмастыру туралы ойдан бас тартып, арнайы навигациясы бар велокомпьютер және велосипедшінің киімін алған.

«Көрме өтетіні жайлы естіген сәттен бастап өзіме осындай мақсат қойдым. Бұл менің велосипедпен шыққан ең ұзақ сапарым. Бұған дейін 2015 жылдан бастап Тереңкөлге, Трофимовкаға және Ақсуға барған едім. Осы сапардан алған әсерімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Халықарлық көрменің біздің елімізде өтіп жатқаны зор мәртебе. Жолда ақ жол тілеп, өз көмегін ұсынған жандар көп болды», - дейді ол.

Айта кетерлігі, Берік Әбдірахман 17 жылдан бері Трофимовка ауылының мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді. Сирек кездесетін жүрек ауыруына шалдыққан ұстаз бойындағы дертін жеңу үшін 10 жылдан астам уақытын жаттығуға арнап, спортпен айланысуға бет бұрған. Алдымен арнайы әдіс бойынша 800 метр қашықтыққа жүгіруден бастаса, соңғы екі жылда бұл көрсеткішті тоғыз шақырымға жеткізген. Тіпті, аптап ыстыққа қарамастан, Рамазан айында ауыз бекітіп, жаңадан салынған Орталық Азиядағы ең үлкен көпір арқылы велосипедпен жүріп өткен.

Соңғы жаңалықтар