Павлодар облысының әкімі табысқа жетудің құпиясын айтты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов Инновациялық Еуразиялық университетінде студент жастармен болған кездесуде 14 жасында қалай жұмыс істегенін айтты, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Аймақ басшысы лекция барысында студенттерге мектепте оқыған кезінен бастап табыс тапқанын атап өтті. Ол небары 14 жасында ғана слесарь болып жартылай жұмысқа қабылданған, еңбек ақысы 35 рубль болған.

«Сол кезде кадрлар жетіспеушілігі болды. Совхоздың басшысы мені мектеп директорынан қыркүйек айының алғашқы 20 күнінде жұмыс істеуге жіберуді сұрады» - дейді Болат Бақауов. - Жаз айларында жұмыс істеп, 714 рубль таптым. Жылдың соңында экономистер есептей келе бізге белгілі бір мөлшерде бонус берді. Сонымен барлығы 1400 рубль болды. Ол кезде ондай ақшаға қолданылған «Жигули» көлігін сатып алуға болатын еді».

Облыс басшысы жастар болашақта мамандық таңдаған кезде еңбек нарығына қарау керек екенін атап өтті. Яғни, сұраныс бар ма жоқ па? Егер жастар өзінің жеке ісін ашуға кіріссе, ол мемлекеттің көмегіне сүйене алады.

«Кәсіпкерлікті қолдауға және дамытуға арналған «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша біз 4,5 млрд теңге бөлеміз. Ал жастардың әлеуметтік және бизнес жобаларын қолдау үшін биыл қайтарымсыз 85 млн теңге берілді. Келесі жылы біз осындай жобаларды әлі де көптеп жүзеге асыратынымызға сенімдімін», - дейді Болат Бақауов.

Кездесу барысында аймақ басшысы тұрғын үй құрылысы саласында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, келесі жылы кемінде 200 мың шаршы метр тұрғын үйді тапсыру жоспарланып отыр. Яғни, «Сарыарқа» шағын ауданында 15 көп қабатты тұрғын үй болады. Бұдан басқа, «Достық» ықшам ауданында жұмыс істеуді бастайды. Кездесу соңында студенттер облыс әкіміне өздерін қызықтыратын сұрақтар қойды. Студенттердің бірі Болат Бакауовқа табысқа жетудің жалпыға бірдей құпиясын сұрады. Оған аймақ басшысы: «Біз күн сайын жұмыс істеуіміз керек», - деп жауап берді.

Соңғы жаңалықтар